Жандарбек Бекшин Humana сүт қоспасынан сынап табылуын түсіндірді

0
06 Желтоқсан 2018, 13:16 209 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин немістің «Humana» маркалы балаларға арналған сүт қоспасынан сынаптың табылуына қатысты түсінік берді. Бұл жөнінде ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

«Біз қазіргі уақытта бұл жағдайға толық тексеру жүргізіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласында екі айлық нәресте ауруханаға түсіп, ол «Humana» сүт қоспасын тұтыну барысында оның ағзасына сынап түскені белгілі болды. Ол сәби бұған дейін дәл сол ауруханада өкпе қабынуынан емделген. Ана сүтін емуіне қарсы тағайындаулар болғандықтан, оған балаларға арналған «Humana» балаларға арналған сүт қоспасы белгіленген. Бұл өте танымал неміс бренді», — деді Бекшин.

Ол ағымдағы жылы біз балаларға арналған сүт қоспасының 58 сынамасына тексеру жүргіздік. Олардың ешқайсысынан сынап секілді бөгде зиянды заттар анықталмаған.

«Қазір аталған сүт қоспасын жеке дәріханадан сатып алғандары белгілі болды. Біз арнайы сараптама жүргізетін боламыз. Сол сияқты, баладан, анасынан биосынамалар алынды. Сол сияқты, үйде қалған сынапқа да зерттеу жүргізіледі», — деген ол қазіргі уақытта баланың әкесі сүт қоспасынан табылған сынапты табыстаудан бас тартып отырғанын айтты.

Еске сала кетсек, бүгін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында екі айлық сәби балаларға арналған сүт қоспасын ішкеннен кейін құсып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққаны туралы ақпарат тараған болатын. Баланың ата-анасы оның нәжісінен сынап қалдықтарын байқап қалған.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ