Жанат Құрманов, БЖЗҚ АҚ Басқарма төрағасы: Әлемнің зейнетақы жүйесі халықтың қартаюы салдарынан өзгереді — Қазақстан жаңалықтары

0

Көптеген мемлекеттер үшін өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі – азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету. Келешегін ойлайтын әрбір адам өмірінің осы кезеңінде өзінің қажеттіліктеріне жеткілікті зейнетақы төлемін алғысы келетіні ақиқат. Төрткүл дүние халқының өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, саны артып, жыл сайын қартаю көрсеткіші  көбейіп келе жатқан қазіргі кезде бұл көптеген елдерді алаңдатып отырған түйткілді мәселе. 

Атап айтқанда, БҰҰ-ның болжамдарына сәйкес Қазақстанда да әлемнің көптеген аймақтары сияқты халық саны одан әрі өсе бермек. Осылайша келесі бірнеше онжылдық ішінде (2050 жылға қарай) біздің еліміздегі халық саны шамамен 24 миллион адамға жетеді. Десек те, Қазақстанда халықтың өсу қарқыны бірте-бірте баяулап бара жатқанын айта кеткен жөн. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) демографиялық есептеріне сәйкес Қазақстан халқының 2020 жылдан 2050 жылға дейінгі болжамды өсуінің шамамен үштен бірі бала туу деңгейінің қарапайым ұрпақтар алмасуы деңгейінен асып түсуіне байланысты болады және үштен екіге жуығына «демографиялық импульс» немесе халықтың ағымдағы жас құрылымының өзгеруіне байланысты қол жеткізілетін болады.

Яғни, елдегі туу деңгейі өмір сүру ұзақтығының одан әрі өсуі есебінен қарапайым ұрпақтар алмасуы деңгейіне дейін күрт төмендесе де, халық санының өсуі орын алады. Мұндай есептеулер мен деректер әрбір елде өте маңызды, өйткені олар қажетті шараларды алдын ала қабылдай отырып, азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін болжауға және дамытуға мүмкіндік береді.

БЖЗҚ соңғы үш жыл ішінде Британдық актуарийлермен бірлесіп, KazPRESTO (Pension Reform Simulation Tool for Kazakhstan) ұзақ мерзімді моделін әзірледі, ол еліміздегі зейнетақы жүйесінің болашағын кешенді түрде есептеуге мүмкіндік береді және ҚР зейнетақы жүйесінің заңнамада көзделген барлық негізгі құрамдауыштарын қамтиды, атап айтсақ:  

  • мемлекеттік зейнетақы (базалық зейнетақы және ортақ зейнетақы); 
  • жинақтаушы зейнетақы (міндетті зейнетақы жарналары — МЗЖ, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары — МКЗЖ, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары).

Қазіргі кезде екінші құрамдауыштың өзектілігі басым, себебі, Қазақстан ортақ зейнетақы жүйесінен жинақтаушы жүйеге кезеңмен өтуді жүзеге асыру үстінде. Бұл өзгеріс, оның ішінде біздің халықтың ұзақ мерзімді перспективада болжанып отырған қартаюымен және соның салдарынан әлеуетті қолдау коэффициентінің біртіндеп өзгеруімен (яғни жұмысқа қабілетті халық санының зейнеткерлік жастағы азаматтар санына арақатынасы) байланысты.  

БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның да ұзақ мерзімді болжамдарына сәйкес Қазақстанда 2050 жылға қарай 65 жастан асқан халық үлесінің екі есе, БЖЗҚ болжамы бойынша ағымдағы 7,3% — дан 14,2% — ға дейін және БҰҰ болжамы бойынша 14,1% — ға дейін артуы байқалатын болады. Айта кету керек, қазір Қазақстан халқы Ж. Божё-Гарнье-Э.Россеттің демографиялық қартаю шәкілі бойынша кәріліктің бастапқы деңгейінде тұр. Бұл шәкілге сәйкес халықтың жалпы санының 12% — дан астамын 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі құрайтын елдер демографиялық тұрғыдан кәрі мемлекеттерге жатады. Қазақстан қазіргі уақытта 12 пайыздық межеден өтті.

Әрине, мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, Африканың, Орталық Америка мен Азияның туу деңгейі жоғары және өмір сүру ұзақтығы соншалықты жоғары емес бірқатар елдерін қоспағанда, жалпы бүкіл әлем бойынша қалыптасып отыр. Осылайша БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемдегі әрбір алтыншы адам 65-тен асқан (халықтың 16%) жаста болады. Бұл 2019 жылғы әрбір он бірінші адаммен (халықтың 9%) салыстырғандағы жағдай. Айтпақшы, 2018 жылы тарихта алғаш рет 65 және одан жоғары жастағы адамдар саны бүкіл әлемдегі бес жасқа дейінгі балалар санынан асып түсті. Сондықтан жақын арада көптеген елдердің зейнетақы жүйелерінде көп деңгейлі және көп құрамдауышты жүйені неғұрлым тұрақты және әртараптандырылған үлгіде құру бағытында жасалатын маңызды өзгерістер күтілуде. Мысалы, негізінен ортақ жүйе қалыптасқан елдерде қазірдің өзінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің ұлғаюы мен азаматтар үшін жинақтаушы зейнетақыны енгізу қажеттілігі байқалады. Жалпы бүкіл әлемде таза бөлгіш және таза жинақтаушы зейнетақы жүйесінен кепілді мемлекеттік зейнетақы мен міндетті жарналар есебінен жинақтаушы зейнетақы қосылатын көпсалалы (аралас) жүйелерге ауысу бойынша жаһандық тренд байқалады. 

Айта кету керек, БҰҰ-ның бағалау болжамдары БЖЗҚ-ның нақты есептерімен расталады, атап айтқанда, Қазақстанда туғаннан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіштерінің өсу серпіні одан әрі де сақталады. Осылайша БЖЗҚ болжамына сәйкес ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы ағымдағы 68,84 жастан 2050 жылға қарай 78,01 жасқа дейін өседі. Тиісінше, әйелдерде қазіргі 77,19 жастан 83,91 жасқа дейін өседі.

Халықтың қартаю үрдісі нәтижесінде БЖЗҚ-ның да, БҰҰ-ның Қазақстандағы болжамдарына сәйкес 2019 жылдан бастап 2050 жылға дейінгі кезеңде әлеуетті қолдау коэффициенті 2 есе төмендейді: 65+ жастағы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5 адамнан ғана келеді (бұл жерде әңгіме нақты ресми жұмыс істейтін және барлық міндетті әлеуметтік төлемдер мен салықтарды тұрақты аударып отыратын адамдар туралы болып отырмағанына назарларыңызды аударамыз, олардың арақатынасы тіпті аз), бұл өз кезегінде зейнетақымен қамсыздандырудың мемлекеттік бөлігін қаржыландыруға қатысты еңбекке қабілетті халыққа түсетін «жүктемені» арттырады. Мұндай мәселе АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде орын алды, олар да бір зейнеткерге еңбекке жарамды жастағы екі адамнан келетін көрсеткішке жақындап келеді. Бұл зейнетақы жасын одан әрі арттыруға, зейнетақы және тағы басқа төлемдердің өсу қарқынының төмендеуіне байланысты әлеуметтік наразылықтың кең тарауына әкеп соғады. 

Болашақтағы зейнетақы міндеттемелерінің өсуін болжау және жалпы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін БЖЗҚ қалыптасқан үлгіні дамытып, әдіснаманы жетілдіру арқылы тұрақты демографиялық бағалар мен актуарлық есептер жүргізіп отырады. Осылайша зейнетақы жүйесінің параметрлерін KazPresto актуарлық моделінде болжау үшін алдыңғы қатарлы машиналық оқыту әдістерінің бірі – кластерлік талдау қолданылады. Ол БЖЗҚ салымшыларын сипаттамаларының (жынысы, жасы, табыс тобы, жарналарды төлеу тұрақтылығы) ұқсастығына қарай топтарға бөлуге мүмкіндік береді. Бұл БЖЗҚ-ға салымшылардың болашақтағы саны мен «мінез-құлқын» болжауға мүмкіндік береді: жарналарды төлеу тұрақтылығының және жарналар мөлшерінің өзгеруі (мансаптық өсу, уақытша жұмыссыздық, еңбекке жарамсыздық немесе еңбек қызметіндегі үзілістің басқа да себептері), жаңа қатысушылардың қосылуы және бар салымшылардың әртүрлі себептер бойынша (туу, көші-қон, мүгедектік, өлім) жүйеден шығуы. Болашақта бұл салымшылардың әртүрлі «өмірлік жағдайларын» модельдеуге және зейнетақыларды дербес жоспарлау мен кеңес беруге мүмкіндік береді.

Актуарлық үлгі зейнетақы жүйесін реформалауға бағытталған заңнамалық бастамаларды кешенді ұзақ мерзімді талдауды жүзеге асыруға және Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесінің тұрақты параметрлерін құру бойынша стратегиялық ұсынымдар мен оңтайлы шешімдер әзірлеуге жол ашады. Бірқатар осындай ұсыныстарды ұзақ мерзімді актуарлық үлгілер құру негізінде ел үкіметі жанындағы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы қарайды.

Қазір әрбір салымшы БЖЗҚ сайтындағы ең танымал сервистердің бірі – болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалана отырып, өздерінің болашақ зейнетақы төлемдерін дербес есептей алады. Ол Қазақстанның көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі аясындағы жиынтық зейнетақының барлық қолданыстағы компоненттерін, яғни мемлекеттік базалық зейнетақыны және жасына байланысты зейнетақыны (немесе ортақ), сондай-ақ БЖЗҚ-дан міндетті жарналар (МЗЖ, МКЗЖ), ерікті жарналар (ЕЗЖ) есебінен берілетін жинақтаушы зейнетақы төлемдерін қамтиды. Болжамдық калькуляторда есептеу үшін туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақталған сома және т. б. сияқты барлық қажетті бағандарды толтыру қажет. Егер Сіз enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте тіркелген болсаңыз, онда калькулятордағы толтырылуы қажет жолдар салымшының тарихи мәліметтері негізінде автоматты түрде толтырылады және болашақ зейнетақының дербес есебі 2-3 рет басу арқылы жылдам жүзеге асырылады. 

Есептеу нәтижелері үш сценарийде беріледі: пессимистік, шынайы және оптимистік. Үш нұсқа да кірістіліктің инфляциядан жоғары болжамды деңгейін ескереді. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты құндық көріністе (яғни болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегергенде) ұсынылады. 

stan.kz