Жаңаөзенде жұмыс талап еткен екі адам денесіне жарақат салды

0
44

9 маусымда жұмысқа тұра алмағанына наразылық танытып, өздеріне дене жарақатын салған Жаңаөзеннің екі тұрғыны ауруханаға жеткізілді.

Жаңаөзен тұрғыны түсіріп, Азаттыққа жіберген видеода қолы таңылып жерде отырған бір адам көрінеді. Кейін жедел жәрдем келіп, оны көтеріп алып кетеді. Видеодағы адам қолы мен қарын тұсынан жараланғаны байқалады.

Аты-жөнін атамауды өтінген видео авторының айтуынша, наурыз айында Жаңаөзен әкімдігі 81 адамды бір айға мұнай-газ жабдықтары дәнекершісі мамандығына оқытқан.

— Оқу біткен соң екі айға жуық жұмыс таба алмай торыққандықтан, осындай әрекетке барды. Себебі жейтін тамағы жоқ. Мұндай ашынған адам көп. Олар тіпті өлер алдындағы хат та жазған, — деді ол телефонмен.

Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханаға хабараласты. Аурухана диспетчері өзіне жарақат салған екі адамның жедел жәрдеммен келгенін растап, тұтқаны емдеу жөніндегі жауапты дәрігер Раушан Жапароваға берді. Бірақ ол Азаттық радиосынан хабарласып тұрғанын естіген соң тұтқаны қоя салды.

Ал Жаңаөзен қаласы әкімі Айбек Қосуақов жұмыс сұрап жүрген Талғат және Қанат есімді екі адамның түстен кейін “Өзенмұнайгаз” мекемесі алдында өздеріне жарақат салғанын растады. “Жағдайлары онша қорқынышты емес” деді әкім.

— Біреуі жарақатын таңып, үйіне кетті, екіншісі ауруханада. Ол ішін, қолын тіліп, “Өзенмұнайгазға” жұмысқа орналастыр деген талап қойған. Біз 81 адамды “Теском” ЖШС-ға жұмысқа орналастыру туралы келісім-шарт жасағанбыз. Бұл мекеме “Өзенмұнайгаздан” шыққан арматура, тағы басқа жабдықтарды жөндеп, қайта тапсырады. 72 адам сол мекемеде жұмыс істеп жатыр. Бірақ он адам ол мекемеге кіруден бас тартты, олар “Өземұнайгазға” орналасамыз деп арызданып сол жерге барғанда өзіне қол жұмсаған, — деді Айбек Қосуақов.

Жаңаөзен қаласы әкімдігі алдында елуден астам жұмыссыз адам бір айдан бері қонып, мұнай-газ саласынан жұмыс орнын ашуды талап етіп жатыр. Жаңаөзен жұмыссыздарының наразылығы қыста басталған. Екі жүз адам күн сайын әкімдік алдына жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен. Маңғыстау облысының билігі арнайы комиссяи құрып, бес жұзге жуық адамның жұмысқа орналастырылғанын айтқан.