Жаңаөзен белсендісі көлігін белгісіз адамдар өртеп кеткенін хабарлады

0

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мұратбай Жұмағалиев есігінің алдында тұрған көлігін түн ортасында белгісіз біреулер өртеп кеткенін хабарлады. Ол «көлігімді саяси ұйым белсендісі болғаным үшін өртеді» деп санайды.

Мұратбай Жұмағалиевтің Азаттыққа айтуынша, Renault Duster маркалы жаңа көлігі Ақтау уақытымен түнгі сағат 13:30 шамасында өртенген. Өртеніп жатқан көлігі жайлы видео YouTube арнасына шыққан.

-Үйден шыққанымда көлігімнің алдыңғы бөлігі жанып жатты. Резеңке доңғалығынан бастап жанғаны байқалды. Екі-үш қадам жерден сіріңке мен қолғап тауып алдық,- дейді ол.

Мәшинені өрт сөндірушілер өшірген, полиция қызметкерлері де келген. Мұратбай Жұмағалиев «соңғы кездері полиция қызметкерлері ізіме түсті, кедергі жасамақ болды, қоғамдық-саяси белсенділігі жергілікті билікке ұнамады» дейді.

Мұратбай Жұмағалиев саясаткер Жанболат Мамай ұйымдастырғалы жүрген «Қазақстанның демократиялық партиясын» қолдайтынын, осы ұйымның 22 ақпанға белгіленген құрылтай съезіне баратын Жаңаөзен белсенділерін ұйымдастырып жүргенін айтады.

— Бастапқыда съезге 30-ға жуық адам баратын болды. Бірақ әкімшілік пен жұмыс берушілердің қысымынан соң съезге баратын адамдарды қайта жасақтап, 26 адамға Алматыға баратын пойыз билетін алдым. Олар ақпанның 18-іне жолға шығуы тиіс. Мен де барамын. Мына көлігімді өртегені соған кедергі жасамақ болғаны, қорқытып-үркіткені,- дейді ол.

Мұратбай Жұмағалиевтің көлігін алып кетуге келіп тұрған полиция қызметкерлері Азаттық тілішісіне қандай да бір пікір айтуда бас тартты.

Осы оқиғадан кейін белсенді Жанболат Мамай «демократиялық партия белсенділеріне жасалып жатқан арандатулар туралы» шұғыл баспасөз жиынын өткізетінін мәлімдеді.

Жанболат Мамай 2019 жылы қазан айында «Қазақстанның демократиялық партиясын» құратынын, мақсаты елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу» екенін айтқан.

Қазақстан заңы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Жанболат Мамай 26 желтоқсанда бастамашыл топты әділет министрлігінің тіркегенін, 22 ақпанда съезд өткізетінін хабарлаған.

Биыл қаңтардың 20-сына Алматы қаласының прокуратурасына Жанболат Мамай бастаған оннан астам белсенділер барып, «Қазақстанның демократиялық партиясының» бастамашыл тобына билік қысым жасап отырғанын мәлімдеген.

Azattyq