Жаңаөзен әкімдігі жұмыс талап еткендерді қабылдады

0

18 наурызда Жаңаөзен қалалық әкімдігі тұрақты әрі жалақысы жоғары жұмыс талап еткен тұрғындарды қабылдады. Бұл туралы Азаттыққа әкімдікке барған жаңаөзендіктер айтты.

Тұрғындар әкімдікке меморандум ұсынып, мына талаптарды қойған:

  • Нақты жұмыс орындарын ұсыну
  • Түрлі салықтар мен зейнетақы қорына аударылатын пайыздарды есептемегенде, қолға 500 мың теңге алатын жұмыс тауып беру
  • Жұмыс орындарында кәсіподақ құру
  • Жұмыс орындары қысқарса, Қазақстан заңдарына сай әлеуметтік қорғау шараларын ұйымдастыру
  • Жұмыстан қысқаратыны туралы екі ай бұрын хабарлау

Әкімдік өкілдері бұл меморандумды қабылдап алды.

Бұған дейін Жаңаөзен әкімдігі Азаттық тілшісіне қалада 450 адамдық жұмыс орны барын, алда тағы 500-дей жұмыс орны ашылатынын айтқан. Әкімдік тұрғындарды толықтай жұмыспен қамти алатындарын, айлықтары 150 мың теңгеден кем болмайтынын жеткізген.

Бұдан бұрын Жаңаөзен тұрғындары бірнеше апта бойы қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының алдына жиналып, тұрақты жұмыс тауып беруді талап етіп жүр. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған.

Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылығына келіп жүрген 11 адамды полиция 13 наурыз күні кешкісін әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен.

15 наурызда бір топ министр Жаңаөзен қаласына барған. Сапар барысында министрлер көп балалы, жағдайы нашар отбасылармен де кездескен.

Жұмыс сұрап әкімдікке келіп жүрген тұрғындардың біразы министрлер келетін уақытты білмей қалғандарын айтады.

Азаттық