Жаңалықтағы музей | «Айқын» газеті

0
104

Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Бұған дейін бұл жерде алып ескерткіш орнатылған еді.

Жыл сайын 31 мамыр – Cаяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Ал­маты қаласы мен облысынан ғана емес, еліміздің әр қиырынан боздақ­та­рын еске алатын жұрт осында ағылатын. Өйткені өткен ғасырдың 30-жыл­да­рын­дағы жаппай жазықсыз жазалау кез­де­рінде Алматының абақтысына қамалып, үштіктің үкімімен өлім жазасына кесіл­ген қазақтың талай қайраткерінің осы Жа­ңалық маңында жерленгені анық­талған. Оған ауыл іргесінің кеңеюіне бай­ланысты құрылыс жұмыстары ке­зінде әлі күнге дейін кездесетін ақсөңке сүйектер дәлел бола алады. Сондықтан да Жаңалықтың маңындағы осынау қасіретті де, қасиетті жерге музей салу жайлы ұсыныс жылдар бойы көтеріліп келген еді. Ақыры халықтың аманатын Амандық Баталов орындады. Нысанның ашылу салтана­тына облыс басшысымен бірге тарихшы ғалымдар, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты.
– Былтырдан бері бүкіл ел көлемінде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылып отыр. Мемлекет басшысы өзінің жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да еліміздің тарихи кезеңдеріндегі «Ұлы дала тұлғаларын» зерттеу мен таныту туралы айтқан болатын. Осыған орай біз тарихи жылдар оқиғасын, жазықсыз құрбан болған азаматтардың, Алаш қайраткерлерінің есімін жаңғыртып, ел үшін істеген ерен еңбектерін еске түсіру, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында музей аштық. Мұндағы жәдігерлер алға жылжыған жылдармен бірге толық­тырылады. Алдағы уақытта қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары жәдігерлер әкеліп тапсырып жатса, музейді қо­сымша кеңейту мүмкіндіктері де қарас­тырылған, – деген Амандық Баталов осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен қуғын-сүргіннің 4 мың құрбаны жерленген Жаңалық ауылында алып ескерткіш қойылып, содан кейін сол маңнан мемо­риалды кешен жасауға бағытталған жұмыстар қолға алынғанын, бүгінгі музей сол сауапты істердің жемісі екен­дігіне тоқталды. Жаңа музей ұжымына қызметтік автокөлік кілтін тапсырды.
Мемлекеттік орталық музейдің директоры, ғалым Нұрсан Әлімбай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап музей ашудың маңыздылығы туралы толғанып, осы істі абыроймен атқарып шыққан облыс басшылығына алғыс айтты. Сондай-ақ бұл аза тұту, еске алу орны ғана емес, болашақта ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де халыққа қызмет етуі тиістігін атап өтті.
«Әділет» қоғамдық ұйымының аты­нан тілегін білдірген жазушы, публицист, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев ұйымның қуғын-сүргін құрбандарына қатысты зерттеу жұмыстарындағы, репрессия кезеңінің тарихи шындығын ашудағы ең­бектері жөнінде тарата айтып, музей­дің мазмұндық жағынан толықтыры­луына қосқан үлесі туралы да әңгімеледі.
Облыс бюджетінен қарастырылған 260,3 млн теңгеге бір жылға жуық уақыт ішінде тұрғызылған музей аумағы – 550 шаршы метр. Музейдегі 3 экспозициялық залда: «Қазақстандағы 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы», «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» («Реквием» залы) және «Әділет» та­рихи-ағартушылық қоғамы мен оның қызметіне қатысты экспонаттар қо­йылған.1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін тарихы туралы бірінші залдың экспонаттары арқылы танысуға болады. Олардың қатарында жерлестеріміз, қазақ зиялылары М.Тынышпаев, І.Жан­сүгіров, Ж.Күдерин және басқалары туралы фото-құжаттық материалдар бар. Сонымен қатар осы залда Алматы об­лыс­тық полиция департаменті архивінен алынған, Алматы облысы бойынша тұтқынға алынғандардың, соның ішінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ақ­талғандар ісінің көшірмелері қойылған. Екінші залында осы жерде атылған 4000-нан астам адамның аты-жөндері тасқа қа­шап жазылған. «Әділет» тарихи-ағар­ту­шылық қоғамының қызметіне музей­дің үшінші залының экспозициясы арналған.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Дереккөз: Айқын