Жаңа жылда ақ жарылқап тілек айтып, аман болғанның өзі артық

0

Біз Жаңа жылда ерекше ниетпен қарсы аламыз. Бір-бірімізге тілек айтамыз. Жақсылықтың болғанын қалаймыз. Дұрыс-ақ. Бірақ біз Жаңа жылдың да жағымсыз салдары бар екенін ұмыта береміз. Бүкіл әлем Рождество мен Жаңа жылға қызу дайындалып жатқан шақта, RAND Денсаулық сақтау бюросының сарапшылары өздері зерттеген тұжырымның қорытындысын жария етті.

Айта кету керек, Жаңа жылда төрткүл дүниенің тұрғындары кем дегенде төрт-бес күн демалады. Тіпті жекелеген кейбір мекемелер өз қызметкерлерін  он күнге демалысқа жіберіп те  жатады. Мұндай жағдайда тіпті қиын. Өйткені сарапшылардың ойынша, адамдар  үйдегі мерекелік дастарханға шектен тыс дайындалады. Тіпті олардың  дастарханға қояр тағамы денсаулыққа, асқазанға зиян болуы да мүмкін. Дәл осы кезде компаниялар өздерінің өтпей тұрған тағамдарын жарнамалап,  өткізіп жібереді.

–Адамдар Жаңа жыл мен Рождество мерекесі кезінде шектен тыс тамақ ішеді де, аз уақыттың ішінде салмақ қосады. Олар көп жағдайда «мейрамнан кейін өз-өзіме келемін, дұрыс тамақтануды қайтадан қолға аламын, салмағымды реттеу де қиынға соқпайды. Артық салмақ өздігінен-ақ  кетеді» деп ойлайды. Ал шын мәнінде олай емес. Олар осы әрекеті арқылы денсаулығына орасан зор зиян келтіреді. Сосын жыл бойы семіздіктен құтыла алмай жүреді,–  дейді мамандар.

RAND Денсаулық сақтау бюросының сарапшылары осыған байланысты Оңтүстік Африка Республикасының 500 мыңға жуық тұрғынын зерттеп көрген. Мамандар адамдардың мейрам кезінде тамақтануын, жүріс-тұрысы мен жылдың әр мезгілінде жейтін тағамдарының калориясын да зерттеген. Зерттеу барысы көрсеткендей, оған қатысқан тұрғындардың барлығы да артық салмақты жаңа жылдық мейрам кезінде қосқан. Мамандар мұның себебін де айтқан. Адамдар бұл кезде шектен тыс тамақ жейді. Ал анығын айтсақ, негізінен халық қараша, желтоқсан айларында отбасылық бюджеттің 40-50 пайызын дастархан мәзіріне жұмсайды екен. Ең бір қызығы, бірнеше күнге емес, бірнеше аптаға созылып кететін Жаңа жыл мейрамы кезінде желінген тамақтың салдарынан адамдар салмақ қосып, жыл бойы одан арыла алмай жүреді екен. Сондықтан Жаңа жылда жеңіл тамақ ішіп, көңілді жүріңіз.

Бұл – Жаңа жылдың адам денсаулығына келтірер зияны. Ал жарылатын пиротехника заттарынан жарақат алып жатқандар қанщама. Ол жөнінде әңгіме бөлек. Ал ішімдік ішіп, көлікке отырып, апатқа ұшырап жатқандар да аз емес. Сондықтан бұл мейрамда ақ жарылқап тілек айтып, аман болғанның өзі артық.

«Қамшы» сілтейді