«Жаңа Үкіметке жылтыңбайларды жолатпау керек!» — Дәурен Қуат

0
1167

Бүгін – Қазақстанда қаралы күн. Мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында желбіреп тұратын тулар түсірілген. Ел іші жабырқаулы. Қабақтары жүдеу. Кеше ғана жайнап жүрген жүздерді мұң басып, күмән, күдік, үрей жайлаған. Өйткені әскери саладағы қыршын жастар, көшеде өз жөнімен кетіп бара жатқан бейбіт адамдар, сәбилер лаңкестердің қолынан қаза тапты. Бұндайда: «Бекем бол, берік бол, айналайын, ағайын-туыс, бауырлар!» – дегеннен өзге не дерсің?.. Әйтсе де ертең де Құдайдың таңы атып, күні шығады. Қайғыға қайыса бермей, белді бекем буып, ертеңді де ойлаған абзал болар. Осы ретте ойға келген бірер сөз…

Ұлттық арнадан шығатын «Ашық алаң» бағдарламасының жүргізушісі кеше студия қонақтарына: «Алдағы уақытта елімізде қандай реформалар жүзеге асуы керек?» – дегенге саятын сұрақ қойды. Спикерлер бұл сұраққа не деп жауап берді – тап қазір есіме түсіре алмай отырмын. Есіме түсіре алмауыма қарағанда, ешкім мандытып ештеңе айта алмаса керек. Бір жағынан олар тап бүгінгідей аласапыран күндерді бастан кешіп жатқан елдің азаматтары болғандықтан не дей ғойсын? Оның үстіне біз 30 жыл бойы нәтижесіз реформалардан көз ашпаған мемлекеттің халқымыз. «Экономиканың күрделі салаларын инновациялау», «Жол картасы», т.б. деп келетін толып жатқан реформалардан түк шықпаған соң Қазақстан жұрты реформа дегеннің не екендігін ұғынудан да қалды.

Сөз жоқ, таяу күндерден бастап тосын жаңалықтарға толы игілікті істер, елдің еңсесін көтерер батыл әрекеттер жасалады деп ойлаймыз. Ол үшін мүлдем жаңа келбеттегі Үкімет құрамы бекітіліп, жұмысты бастап кетуі керек. Жаңа Үкіметке бұрынғы жылтыңбайлардың, әр қызметтің басын шалып жүре беретін қуаяқтардың бірін жолатпаған жөн. Ел олардың енді қайтып бетін көргісі келмейді. Президент Тоқаевтың дәл өзі сияқты мемлекетшіл, қаржылық топтардың алқауына кенеліп, арам тамақ ішпеген, былғанбаған азаматтардың Атқарушы билікке келуін қалың бұқара асыға күтіп отыр. Іскер, мемлекетшіл, жаны да, ары да таза азаматтардан Үкімет жасақталса, бұл дегеніңіз алдағы реформалардың бастауы болмақ. Өйткені халыққа қызмет жасауға жан-тәнімен берілген Үкімет мүшелері ғана барлық бағдарламалар мен жобаларды ел игілігіне жаратып, жолға қоя алады.

«Әр кәллада бір қиял» демекші, осы күні кім болмасын, «ананы алай істесе», «мынаны былай істесе» деп, жамбастап жатып алып ақыл айтуға шебер. Ал соның бәрін жүйелеп, бір ізге түсіріп, көптің талап тілегін мемлекеттің игілігіне ұластыра алатын күш Атқарушы биліктің қолында бар.

Көзіміз көріп, ішіміз сезіп отырды, күні кешеге дейін лауазымы жоғары, пәрменді орындарға «өзінің адамдарын» яғни сенімді командасын әкелуге Мемлекет басшысының мұршасы да, мүмкіндігі де болмады. Енді бар билік Қасым-Жомарт Кемелұлының дәргейіне көшкен сияқты. Егер жоғары жақтағы жағдай дәл біз ойлағандай болса, онда Мемлекет басшысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, іске кірісуі қажет. Ұзақ жылдардан бері Үкіметте, Парламентте, Халықаралық беделді ұйымдарда қызмет атқарған Тоқаев айналасына отаншыл, адал, өз ісін терең меңгерген азаматтарды топтастырып, кадрлық резерв ретінде ұстап келген шығар деген сенімдеміз. Ол азаматтардың және: «Мәскеуде тұрған жылдарымда қазақ тілін ұмытып қалыппын», – деп өтірікті соғатындардың сортынан емес, ана тілінің уызына жарып өскен азаматтар болатынана да сенгіміз келеді.

Журналист – ел мен биліктің арасындағы елші. Біз ел ішінде жүріп елдің сөзін, ұлттық арман мұратын билікке жеткізуге ұмтыламыз. Терроршылар мен бұзақылардың лаңынан іш жиып қалған ел қазір тездетіп қалыпты өмірге оралсақ деп тілейді. «Президент Тоқаевқа қолдау білдірейік, осы кісі бізді мынау қиын-қыстау заманнан алып өтеді» деп, Мемлекет басшысына үміт артуда.

Халық – ақыл-ойдың, сабырдың қазынасы. «Халық айтса, қалт айтпайды». Ешкімнің тапсырмасынсыз, ешкімнің үгіт-насихатынсыз «Тоқаевтың айналасына топтасайық, бірігейік» деп жатқан ел азаматтарының естілігіне риза бола отырып, Мемлекет басшасынан саяси ерік-жігер күтетінімізді айтқым келеді.

Дәурен Қуат

Abai.kz