«Жаңа Қазақстан» форумы тарады

0

20 маусымда «Жаңа Қазақстан» форумы өздерінің Facebook-тегі ресми парақшасында тарайтынын мәлімдеді. Форум кейбір бағыттағы жұмыстарын жалғастыру үшін Еуропада «тіркелмек».

«Біз атқарған істер мен қадамның барлығы құқықтық алаңда болды. Солай болса да Ақордамен астыртын байланыс бар деген сылтаумен біздің атымызға жалған айыптаулар келіп түсіп жатыр. Біз үшін оларды жоққа шығару қиынға түседі. Біз форум жұмысын өз еркімізбен тоқтатуға бел будық» дейді ұйым. Форум мәлімдемесінде 9 маусымда өткен президент сайлауы «қазіргі басшылар билікті бейбіт әрі заңды жолмен ауыстыруға іс жүзінде мүмкіндік жоқ екенін ашық көрсетті» деп жазылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен форум мүшесі Мирас Нұрмұханбетовтің сөзінше, форум бірнеше рет өтініш түсіргенімен, Қазақстан аумағында ресми ұйым ретінде тіркеле алмаған.

— [Қазақстан президенті сайлауына түскен Әміржан] Қосановпен болған жағдайдан кейін форумның партия ретінде тіркелуі бізді билікшіл бірлестік етіп көрсетер еді, — дейді ол.

9 маусымда өткен президент сайлауында «Ұлт тағдыры» атынан кандидат болған Әміржан Қосанов дауыс беру аяқталған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың «қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын» айтып, оны «жеңісімен» құттықтаған еді. Жақтастары мен бақылаушылар саясаткердің бұл әрекетін сынға алған.

Былтыр 17 мамырда форум құрылғаны жария етілген жиынға Әміржан Қосанов та ұйымдастырушылар бірі ретінде қатысқан. «Жаңа Қазақстан форумы» биліктің тапсырмасымен құрылған ұйым емес пе, басқа оппозициялық ұйымдармен байланысы қалай болмақ?» деген сұраққа саясаткер «биліктің не қандай да бір олигархиялық топтардың тапсырысы» деп қабылдау орныға бастағанын айтып жауап берген.

«Билікпен диалог құру жолын таңдайтынын» айтып құрылған «Жаңа Қазақстан» форум 20 маусым күні таңертең жариялаған мәлімдемесінде мүшелерінің бір бөлігі саясатқа белсенді араласуын тоқтатса, басқалары «Ақиқат» ЖСДП партиясына қосылуы «әбден мүмкін» екенін айтады. Мәлімдемеде «Ашаршылық, Магнитский тізімі, жымқырылған активтер және басқа да маңызды мәселелер бойынша жұмысты жалғастыру үшін форум Европада тіркеледі» деп жазылған.

Видео: «Жаңа Қазақстан» форумы қалай құрылды? 17 мамыр 2018 жыл.

Былтыр сәуірде қазақстандық бір топ белсенді Брюссельде «Жаңа Қазақстан» форумын өткізген. Жиын барысында олар Еуропарламент өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы билік транзитін талқылаған. Форумның алғашқы отырысына ұзақ жылдан бері шетелде тұрып жатқан, Қазақстан соты 2001 жылы «коррупциялық қылмыс жасады» деген айыппен сырттай 10 жылға соттаған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қатысуы да жұртшылық назарын аударған. Қажыгелдин сот үкімінің «саяси астары бар» деп мәлімдеп, өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Azattyq