Жаңа маман даярлау

0

Магистратура. Біріншіден, магистратураға гранттар келесі жылдан бастап GMAT форматы секілді бірыңғай емтиханның қорытындысы бойынша бөлінеді. Үміткерлер Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тест тапсырады. Сәйкесінше, жоғары балл жинаған талапкерлер грант иесі атанады және өзі қалаған ЖОО таңдай алады. Сондай-ақ, бұрынғыдай шет тілінен және 2 салалық пән бойынша естихан бар. Осылайша, министрлік «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида орнатып, ЖОО арасында басекелестік артады деген мақсат қойып отыр.

Меніңше, бұл өзгеріс тек бәсекені ғана арттырмайды, оған қоса, көптеген ЖОО-да орнаған жемқорлық жүйесін әлсіретуі мүмкін. Неге? Себебі бұған дейін магистратура гранттары ЖОО-на берілген және олар өздері тапсырма дайындап, өздері емтихан өткізіп, грант иесін анықтау туралы шешімді тек өздері қабылдайтын. Әрине, бұл жемқорлық тәуекелі жоғары жүйе еді. Кейбір ректорат, деканат, кафедра меңгерушілері магистратура, докторантура емтихандары басталмай жатып, грант иесі кім боларын анықтап қоятын. «Фаворит кандидаттарға» салалық пәндер емтиханында үлкен қолдау көрсетілетін. Сәйкесінше, университет, факультет басшылығында танысы жоқтардың грант иесі атану мүмкіндігі де шамалы еді. Әрине, мұндай жүйенің барына, болғанына құжаттық дәлел жоқ. Бірақ университет жүйесінде істейтін біраз маман хабардар. Оған қоса, біршама ЖОО-да магистратура, докторантураға түсерде талап етілетін шет тілі (әдетте, ағылшын тілі) бойынша тест нәтижесі де сатылатыны жасырын емес. Сол үшін де магистратураға түсу үшін IELTSTOEFL сертификаттарын талап ететін уақыт келгендей.

Докторантура. Вице-министр Аймағамбетов жазған екінші жаңалық — енді докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергендігі жөнінде халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б) талап етіледі. Яғни, тест Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Оған қоса, бұрынғыдай салалық пән бойынша қай ЖОО-на түссе, сол университетте емтихан тапсырады. Қолдайтын-ақ бастама. Алайда пән бойынша етихан ЖОО-ның құзырындағы сынақ болып қала берсе, онда IELTS, TOEFL сертификатын талап ету — тиімділігі аздау қадам болуы мүмкін. Себебі кафедра, деканат пәндік емтиханның жауаптарын фаворит үміткерлерге алдын ала беріп қоюын немесе қолдан жоғары балл қоюын жоққа шығаруға болмайды.

Соңғы өзгерістер. Жалпы Білім және ғылым министрлігі соңғы жылдары орта білім жүйесі үшін біраз сынға ұшыраса да, жоғары білім беру саласында заманауи өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Замануи деген атауы болмаса, Батыс елдері университеттерінде бұрыннан бар ережелер. Сондай жаңа ереженің бірі – мемлекеттік ЖОО ректорларын арнайы байқау арқылы тағайындау. 2016 жылдан бері 17-ге жуық мемлекеттік ЖОО басшысы осылай анықталған. Бұл бастама бұрынғы Білім және ғылым министрі өз командасының мүшесін ректорлыққа тағайындайды деген дәстүрді бұза бастады. Кейде 1 ректордың орнына 14 адам таласады екен. Мұндай «додада» біреудің танысын өткізу оңай болмасы анық.

Жеке өзіме ұнаған екінші жаңалық – ЖОО берілген академиялық еркіндік. Енді отандық ЖОО оқу бағдарламасының 80% бөлігін өздері анықтай алады. Бұған дейін қай мамандыққа қай пәнді қанша сағат оқыту керек деген стандартты тек министрлік анықтайтын. Университеттер стандарт аясында ғана білім берді, бұл білім бағдарламасына жаңа ақпарат енгізуге, тың әдіс қолдануға кедергі еді. Кейде ұстаздарға қосымша сағат қосып беру үшін студенттер амалсыз мамандыққа керек емес курстарды да оқи беретін. Енді ол «дәстүр» азаяр. Жалпы Қазақстан Болон процесіне 2010 жылы қосылса да, көптеген ЖОО-ның студенттері әлі күнге қалаған курсын, сабағын, мұғалімін таңдай алмайтыны жасырын емес.

Үшінші өзгеріс – мемлекеттік стандарттағы дипломдардың Қазақстанда 2021 жылдан бастап алынып тасталуы. Батыс елдерінде тек үкіметтің бекіткен дипломын беру деген тәжірибе жоқ. Әр ЖОО өз аты, таңбасы жазылған диплом тапсырады. Сол үшін де ол жақта әр университет өзінің білім сапасы, имиджі үшін барын салады. Қазақстанда да барлық білім түріне тек қана мемлекеттік стандарт призмасы арқылы қарауды қойғанда, жағдай өзгерер. Елімізде әр ЖОО өз дипломын бере бастағанда, олардың арасында шынайы бәсеке артады. Себебі жұмыс берушілер тек сапалы университеттің дипломын ұстаған түлекті жұмысқа алады. Сол үшін абитуренттер ертеңін ойлап, сол «сапалы университеттерге» түсуге тырысады. Ал бұл әлгі ЖОО қосымша табыс.

Елдегі маман даярлауды өзгертетін маңызды төртінші қадам 2021 жылы басталады. Ол – жұмысқа орналасу үшін тек диплом ғана емес, енді әр мамандықтың тәуелсіз қауымдастықтары беретін сертифкатты талап ете бастау. Мысалы, енді дәрігер атану үшін емдеу ісі факультетін тәмәмдау жеткіліксіз болады, қосымша хирургтар қауымдастығының тестінен де өту керек. Ол тәуелсіз ұйым. Егер оны сәтті тапсырсаңыз ғана ақ халатты кие аласыз. Әлгі тәуелсіз сынақтан аман өту үшін студентке 7 жыл серуендемей, шынайы білім алуға тура келеді.

Бұл бастама неге соншалық маңызды? Себеп біреу – білімнің сапасы. Студентке диплом не үшін керек? Жұмысқа орналасу үшін. Ал ол дипломды сатып ала ма, оқып ала ма, көшіріп ала ма, тексеру қиын. Сәйкесінше, ЖОО-ның түлегі жас маман ретінде қандай білім алды, білікке ие болды, оны да тексеру қиын. 4 курс соңындағы дипломдық жұмыс көп нәрсені дәлелдемейді. Айтпақшы, оларды өзгеге тапсырыспен жаздыра салу немесе интернеттен жүктеп алу да қиын шаруа емес. Ендеше жұмыс беруші жас маманды қалай тексере алады, кімге сенеді?

Міне, осы жерде әр мамандықтың қауымдастығы беретін сертификат кепілдік болуы шарт. Яғни, ЖОО 4 жыл берген білім сапасын әлгі тәуелсіз қауымдастықтардың тесті тексереді, бағасын береді. Сонда жас маман диплом мен қауымдастық сертификатын қатар көрсеткенде, оны жұмысқа алуға болады деген сөз. Бірақ тек 2021 жылдан кейін. Енді бұл жерде жемқорлық сөз болған түрлі қауымдастықтардың тәуелсіз тесттеріне де жетпесін деп тілеуіміз қажет. Өйткені егер оларды да келешекте амалын тауып, пұлдап алу мүмкін болса, онда министрліктің қазіргі жоспары жүзеге аспай қалуы мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, бұл 4 өзгеріс Батыс университеттері мен еңбек нарығында бұрыннан қалыптастқан жүйе. Сол үшін де әр маман кезінде өз қауымдастығынан алған сертификатын немесе лицензиясын қызғыштай қорғайды, үнемі маман ретінде өсіп отыруға мәжбүр болады. Өйтпеген жағдайда, сол сертификатынан айрылады, ал онсыз жұмыс жоқ.

Жаңа маманды даярлау. Былтыр «Бостон консалтинг групп» атты компания Ресейдің еңбек нарығына зерттеу жасап, ондағы жұмысшылардың 80%-ға жуығы жаңа нарық талаптарына сай емес деген қорытындыға келді. Яғни, олардың көпшілігін келешекте роботтар алмастыра алады. 2025 жылға қарай көрші елде ақылмен жұмыс істейтін мамандар көбірек талап етілгендіктен 10 млн жаңа стандарттағы жұмысшы дефицит болады, сәйкесінше, бұл талапқа сай келмеген 10 млн адам көшеде қалады. Бір сөзбен айтқанда, төртінші индустриялық революцияның салдары, экономиканың жаппай роботизациясы, жасанды интеллекттің түрлі салаларға кеңінен енуі.

Өкінішке қарай, Қазақстанның еңбек нарығына ондай терең зерттеу жасалмады. Жасалса, жарияланбады. Қажет екені көрініп-ақ тұр. Бірақ былтыр Мадридтегі IE Business School профессоры Мило Джонс Қазақстандағы 46% жұмыс орны роботизациясының әсерінен қысқарады, ең бірінші технология газ бен мұнай өнідірісіне терең енеді деп болжам айтыпты. Бұл долбар қандай зерттеулерге негізделгені белгісіз, бірақ 46% жұмыс орны жақын 5 жылда жойыла қоймас. Себебі бұл үлкен әлеуметтік апатқа әкелер анық. Дегенмен, жұмыссыздық жайылады екен деп технологиядан бас тарту да ақылға сыймайды. Мәселен, «Адидас» компаниясы кроссовкасын толығымен робот тігетін зауыт салғанда, «Амазон» компаниясының қорапшаларын 30 мың робот тасып жүргенде, «Ниссан» заводында көлікті құрастыру жұмысының 95%-ын робот жасап жүргенде, Қазақстан бұл технологиялық дамудан шет қалмауы міндет. Сәйкесінше, оған сай маман даярлау керек болады.

Егер отандық университтер осы міндетті сапалы әрі қазір атқара алмаса, онда талапты мектеп түлектері тек шет елдегі ЖОО таңдайтын болады. Сол жақта жұмыс тауып жатса, Отанға оралуы да қиын. 70 мың қазақстандық студент Ресейде, 14 мыңы Қытайда білім алып жүргені елдегі білім ордаларының сапасы жоғары емес екеніне бір дәлел шығар. Мойындалған ЖОО-ның халықаралық рейтингісіне мақтанышымызға айналған ұлттық университеттеріміздің ешбірі ілінбеген. Ал Қазақстандағы ЖОО-ның 60% түлектері өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауы («Атамекен» палатасының мәліметі) – жоғары білім жүйесіндегі реформалар ешбір қарсылыққа қарамай жылдам жүріп, еңбек нарының талаптарына сай болуы керек екенін дәлелдейді.

Нұрмұхамед Байғараев

 

Дереккөз: http://egemen.kz/