Жамбылдағы жарылыс кезінде жоғалған әскери қызметші тірі болуы мүмкін

0

Жамбыл облысы Қайнар ауылы маңындағы әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен әскери қызметші Бауыржан Дауытбаев тірі болуы мүмкін. Мұндай мәлімдемені Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Фахридтин Шанкаров жасады.
— Жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен Бауыржан Дауытбаевты департаменттің 260 қызметкерінен жасақталған жеке құрамы тау жақтан іздеп жатыр. Іздеу жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері де тартылған. Екі бағыт бойынша қатар жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тікұшақ бір рет ұшып, таудың жоталарын жоғарыдан қарап шықты. Қажеттілігіне қарай тағы бір рет ұшырамыз. Полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылынан басталып, Тұрар Рысқұлов ауданына дейін созылатын тау жотасын түгелдей сүзіп шығады. Тауда «қашарлар» көп. Солардың бірінен табылып қалуы мүмкін. Тірі болуы мүмкін, — деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Фахридтин Шанкаров.
Айта кету керек жарылыстан кейін сол әскери бөлімінің қызметшісі Бауыржан Дауытбаевтың жоғалып кеткені хабарланған. Кейбір куәгерлер сол күні бетін басқан белгісіз бір адамның тауды бетке алып жүріп бара жатқанын көрген. Алайда 1 айға созылған іздеу жұмыстарынан ешқандай нәтиже болмай тұр.