Жамбылда ПИК тарифі 20% арзандайды




Фото: ашық дереккөзден
Астана, BAQ.KZ. Облыста пәтер иелері коперативтері қызметінің тарифі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20% төмендетіледі. Бұл жөнінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәлімдеді.
«Тарифтерді төмендету жөнінде берілген тапсырмалар бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлы газдың шекті бағасы Жамбыл облысына 11,4% немесе 21,1 теңгеден 18,7 теңгеге төмендетіледі. Сонымен қатар, тауарлы газды тасымалдау қызметі де 25% төмендетілді, яғни 1,0 м3 үшін 8,5 мың теңгеден 6,4 мың теңгеге. Нәтижесінде, тұрғындар үшін тауарлы газдың бөлшек сатылымдағы бағасы 1,0 м3 үшін 6,3% немесе 27,2 теңгеден 25,5 теңгеге төмендетілді», — деді Орынбеков.
Оның айтуынша, келер жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Жамбыл ГРЭС» АҚ өндіретін электр энергиясының тарифі 14% және «Таразэнергоорталық» (ТЭЦ-4) 19% арзандатылмақ.
«Электр энергиясын тасымалдайтын «ЖамбылЭлектрЖүйесі» мекемесінің тарифін 1 қаңтардан бастап 1,07% төмендету бойынша келіп түскен ұсынысы қаралуда. Нәтижесінде қолданыстағы тариф 5,62 теңгеден болжаммен 5,56 теңгеге төмендейді. Электр энергиясын жабдықтайтын «ЖамбылЖарықСауда» мекемесінің тарифі 3,9% дейін төмендету міселесі қарастырылып жатыр. Нәтижесінде, тұрғындарға арналған қолданыстағы тариф 15 теңгеден болжаммен 14 теңгеге төмендейді», — деді әкім орынбасары.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, облыста ауыз сумен қамту саласында да бірқатар арзандаулар орын алған.
«Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап, тұрғындар үшін 1 м3 суық су бағасы 21,9% немесе 52,3 теңгеден 40,8 теңгеге дейін арзандады. Ал кәріз қызметі 0,4% төмендеп, 16,4 теңгеден 16,3 теңгені құрады. Сол сияқты, пәтер иелері коперативтері қызметінің тарифі 1 қаңтардан бастап 20% немесе 15 теңгеден 12 теңгеге төмендетіледі», — деді облыстық әкімдік өкілі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ