Жамбыл облысындағы Теңіз кенішінен карантинде жатқан жұмысшылар шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысында Теңіз кенішінен оралып, карантинге жабылған жұмысшылар шу шығарды. Наразы білдірушілердің айтуынша, жергілікті билік оларға мүлдем жағдай жасамай, әбден қорлаған. Орналасқан жерде тазалық жоқ, тамақ та дұрыс берілмейді дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

«Тамақ, суды өзіміз сатып әкеліп жатырмыз. Төсек қатты тақтай, белді ауыртады. Қарнымыз тоймағандықтан, бичпакет әкеп жатырмыз», — дейді наразылық білдірген жұмысшылардың бірі.

Карантинге жабылғандар: «Бізден гөрі түрмеге түскендердің жағдайы тәуір» — дейді. Наразылық білдіргендер – Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары. 180 адам 29 сәуірде Жамбылға жеткізілген. Жартысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы шипажайға орналастырылды. Олардың айтуынша, мұнда санитарлық талап сақталмаған, тіпті жылы судың өзі тапшы көрінеді.      

«Анализ тапсырдық, ертесіне қасымыздағы кісілерді үйіне қайтарып жіберді де, бізді алып қалды. 37 кісі қалдық, не укол салып, не дәрі беріп жатқан жоқ», — дейді жұмысшы.

37 адам вирустан «тазамыз» дейді. Бірақ сонда да, олардың үйге жіберілмеуінің себебін түсінбей отыр. Ал күні кеше оларға шетелден келгендер қосылған.

«Шетелден, бес мемлекеттен 60 адам келіп жатыр», — дейді жұмысшы.

«Бұларды бізге әкеліп жатқызып жатыр. Екінші қабатқа тығып. Оларда инфекция бар-жоғын білмейміз. Бір ғимараттамыз. Бір табақтан тамақ ішеміз. Табағымыз араласып жатыр. Ыдысқа дейін. Бұл жерде жағдай жоқ», — деп наразылығын білдірді келесі жұмысшы. 

Наразы топ індет жұқтырып аламыз ба деп қауіптенеді. Ал басшылардың айтуынша, екі күн бұрын Еуропа елдерінен 165 жолаушы келген. Олар білім үшін, емделу үшін немесе жұмыс бабымен жүргендер. Арасында 29 қырғыз азаматы бар.  

Ал қалған 136 қазақстандық карантинге жабылды. Бірақ ешқайсысынан вирустың белгілері анықталмаған. Сондықтан олардан ауру жұғады деп даурығу негізсіз дейді.

«Олардың нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетті. Қазір оларды өз облыстарына қайтару жұмысы жүріп жатыр. Жақын өңірлердегілер өз көлігімен алып кетуде, ал алыс облыстағылар бүгін-ертең жіберіледі», — дейді Хамит Мырзақасымов, Жамбыл облыстық ДСБ басшысының орынбасары. 

Шенеунік карантиндегілердің наразылығы орынсыз дейді. Оның айтуынша, шипажайда барлық жағдай жасалған. Ал көптің карантинге алынуына 180 жұмысшының 19-нан індет шығуы себеп. Сондықтан олармен байланыста болған 37 адам оқшуланған.
 

stan.kz