Жамбыл облысында бір жылда 244 оқушы қыз жүкті болған
Былтыр Жамбыл облысында кәмелетке толмаған 244 оқушы жүкті болса, 2019-шы жылы 198 дерек тіркеліпті. Бұл көрсеткіштерді медицина мамандары жария етіп, дабыл қақты. Алайда, білім беру ісіне жауапты мамандар мұнымен келіспей отыр. Олар дәрігерлер деректерді жинақтау кезінде қателікке жол берген деген пікірде. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Ал, Білім басқармасындағылар былтыр аймақта 122 жасөспірім жүкті болғанын айтып отыр. Олардың 56-сы заңды некеге тұрғанын алға тартуда. Себебі, «Неке және отбасы» кодексіне сай кәмелетке толмағандар арасында жүктілік тіркелген жағдайда 16 жастан бастап отбасын құруға рұқсат етілген.
Жүкті болып қалған оқушылардың қалған 65-і азаматтық некеде тұрып жатқаны белгілі болып отыр. Педагогтар көрсеткіштің екі есе көбейуіне зерделеу жұмыстарын жүргізіпті. Олар аяғы ауыр қыздардың өзге өңірлерден келіп босанатындығын анықтаған.
«Комиссияның қорытындысымен қараған кезде, анықтағанымыз, Түркістан облысынан, Шымкент қаласынан, Алматы облысынан, Алматы қаласынан келіп тіркелген қыздардың есебін көргенбіз. Сондай-ақ, Қызылорда облысынан келіп тіркеліп, осы жерде жүктілікпен қаралып, осы жерде босанып, қайтып кеткен қыздардың фактілері орын алған», — дейді Жамбыл облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.