Жамбыл облысында ауыл әкімі тұрғынды «жала жапты» деп сотқа берді
Жамбыл облысында Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев Бесағаш ауылының тұрғыны Абай Жүндібаевты «жала жапты» және «қорлады» деп айыптап, сотқа берді. 12 ақпанда Жамбыл аудандық сотында осы істі қарау жалғасты. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Ауыл тұрғынының үстінен «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Шағым түсіруші әкім Бейбіт Нығматуллаевтың сөзінше, ауыл тұрғыны Жүндібаев оған «ауылдағы ғимаратты сатып жіберіп, байып жатыр. Талдарды кесіп тастады, балалары мектепке бармайды» деп айыптаған.
— Ол маған жеке келіп айтып, түсіндірген жоқ. Бірден әлеуметтік желіге жариялап, артымнан артық сөз айтып, мемлекеттік қызметіме нұқсан келтірді. Бұл іске балаларымды да араластыру арқылы олардың психологиясына да қысым жасады, — деді ауыл әкімі Азаттыққа.
Ауыл әкімі «тұрғынның Facebook желісіндегі жазбасынан кейін жауапты органдар тексеріп кеткенін, ешқандай ілік таппағанын» айтады.
— Кесіп тастады деген қарағаштар қайта жөндеуден өткізілетін ескі ғимараттың жанында өскен. Ол жерге балаларға арналған орталық салынатын болғандықтан қарағаштарды кесіп, кейін жеміс ағаштары мен декоративті талдар өсірдік. Балаларымның сабағын да бірнеше рет тексерді. Осыған дейін ауыл ақсақалдарының кеңесімен өзара татуласпақ болғанбыз, бірақ Абай Жүндібаев адвокатына кеткен шығынды төлеп беруімді талап етіп, жалған әңгімелерін жалғастыра берді, — деді әкім.
Ал ауыл тұрғыны Абай Жүндібаев «белсенділігім әкімге ұнамағандықтан ол сотқа шағымданды» деп санайды.
— Осыған дейін ауылда болып жатқан заңсыздықтар жайлы облыс басшылығына да арыз жазғанмын. Қоғамда болған нәрсені осылай ашық айтып жүргенім үшін қудалап жатыр, — дейді ауыл тұрғыны Азаттық тілшісіне.
Келесі отырыс 14 ақпанда өтеді.
Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер «билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» және «Қорлау» бабын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистердің аузын жабуға қолданады» деп алаңдаушылық білдірген.
Осыған дейін адвокаттар мен құқық қорғаушылар биліктен «Жала жабу» және «Қорлау» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі бапты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатынын айтқан. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс болған жоқ.