Жамбыл облысында айналма жолдың екінші жағы пайдалануға берілді
Жаңа бағыттағы Қордай асуының айналма жолы Жамбыл облысының Қордай ауданының аумағымен барлық елді мекендерді айналып өтеді. Бүгінге дейін пайдаланылып келген автомобиль жолы Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қордай, Алға елді мекендері арқылы өтіп, жалпы ұзақтығы 100 шақырымды құрайтын болса, жаңадан І-б санатында салынған Қордай асуын айналып өту жолы 20 шақырымға қысқартылып, қазір 80 шақырымды құрады және елді мекендердің үстінен өтпейді. Осылайша жол жүру уақыты да қысқарып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, Қордай асуының ұзақтығы 17 шақырымға (60%) қысқарды. Қолданыстағы асудың ұзақтығы 27 шақырым болса, жаңа І техникалық санаттағы жолдағы асудың ұзақтығы – 10 шақырым.
Сонымен бірге биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізіне Қордай өткелінің айналма учаскесінің жалғасы болып табылатын «Отар-Ұзынағаш» жобасын іске асыру басталды. Жоба 2018-2021 жылдары іске асырылады. Жоба құрылысының ІІ кезеңін «Қазақжолқұрылысы» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізді. І кезектегі 40 шақырым жол 2015-2017 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген 8,527 млрд теңгеге салынды. Тапсырыс беруші – «Жамбылжолзертханасы» РММ. Ал ІІ кезектегі 40 шақырым 2017-2018 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 9,240 млрд теңгеге жүргізілді. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы. Бұл жобаға 400-ден астам жұмысшы және 200 жол-құрылыс техникалары жұмылдырылды. Жобада 2 шағын ЖПБ, 1 жол-патруль қызмет бекеті, 1 ауылшаруашылық техника өткелі қарастырылған.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қайта құру жобасына атсалысқандарға алғысын білдірді. Шара аясында мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»