Жалпы ішкі өнім 0,9%-ке төмендейді – министр 

0

Дәленов экспорт 16,3 миллиард долларға, ал импорт 7,5 миллиард долларға төмендейді деп күтіліп отырғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Қазақстанда жалпы ішкі өнім 0,9%-ке төмендейді деп күтілуде. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлерін нақтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, экспорт 16,3 миллиард долларға төмендеп, 35,1 миллиард долларды құрайды. 

Ал импорт 7,5 миллиард долларға, 26,6 миллиард долларға дейін төмендейді. 

«Жалпы ішкі өнім 0,9%-ке төмендейді деп күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 69,7 триллион теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,8 триллион теңгеге төмен», деді Дәленов үкімет отырысында. 

Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлері де нақтыланды. 

Республикалық бюджет кірістері, трансферттерді есепке алмағанда, биыл 6,4 триллион теңге шамасында бағаланып отыр. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1,7 триллион теңгеге аз. 

Бюджет кірісінің төмендеуіне қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы мен табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдердің азаюы себеп.



sputniknews.kz