«Жалған полицейлер» кредит рәсімдеу үшін тұрғындардың жеке куәлігін суретке түсірген

0
135

60 жастағы Саран қаласының тұрғынын көшеде белгісіз екі адам тоқтатқан. Олар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, тексеру үшін жеке куәлігін сұраған. Бұдан соң суретке түсіріп, қайта берген, деп хабарлайды Kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бірнеше күннен кейін оған қаржы мекемелерінен SMS-хабарламалар келіп түседі. Осылайша ер адам өз атына 3 миллион 924 мың теңгеге төрт кредит ресімделгенін біледі. Бұл ақшаға қаскөйлер Нұр-Сұлтан мен Жезқазған қалаларының дүкендерінен техника сатып алған.

Кейін көрші Шахтинск қаласының полиция бөліміне 61 жастағы тұрғын жүгінеді. Ол да жалған полицейлерге құжатын көрсеткен болып шығады. Бұдан соң атына 1 млн 995 мың теңге несие келген.

Күдіктілерді Қарағанды облысының тәртіп сақшылары ұстады. Олар Павлодар облысы мен СҚО-ның тұрғындары болып шыққан. Полиция оларды қамауға алды.