«Жалған ақпарат таратушы оп-оңай жауапкершіліктен құтылуға тырысады» — Рүстем Есімханұлы
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырзаның Шымкент қаласына сапары барысында қала халқымен кездесуінде болдым. Кездесу ашық, еркін форматта өтті. Министр мен сала басшылары қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, айтылған ұсыныстарды жазып алып отырды. Кездесуден кейін жеке қабылдауында болып, бірнеше ұсыныстарымды жеткіздім.
1) Авторлық әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға қайта рұқсат беруді ұсындым.
Қазір барлық әлеуметтік жобалар тек мемлекеттік тапсырыспен орындалады. Ал, қоғамның өзі ұсынған жобалар жоқтың қасы. Жобалар жоқ емес, бар. Бірақ, оны қаржыландыруға рұқсат жоқ.
Авторлық жобалар не үшін керек?
Бізге тек жоғарыдан төмен қарай емес, төменнен жоғары қарай да азаматтық қоғамның өз ұсынары болып, олар да қатар орындалып жатуы керек. Өйткені, авторлық жобаларды сол қоғамның ішінде жүріп, сол қоғамға не керегін түсіне алатын, қоғамның дамуына өзінің ұсынары бар интелектуалдар ғана сезініп ұсына алады. Азаматтық қоғамды қозғаушы, дамытушы негізгі күш те осы интелектуалдар. Олардың ұсынғандарынан кесімді түрде бас тарту — олардың ұсыныстарының жарыққа шықпай, іштерінде қалып “тығындалуына” алып келеді. Ол — белгілі-бір дәрежеде азаматтық қоғамның дамуына тежеуші әсерін береді.
Қазіргі жобаларды тек мемлекеттік мекемелер дайындап, конкурсқа қою арқылы өткізеді. Ал, жеке адамдардың авторлық жобалары мың жерден маңызды, берері мол болса да, оны атқаруды автордың өзіне емес, жалпы конкурсқа қою арқылы ғана мүмкіндік бар.
Бір қарағанда жалпы конкурс арқылы өткізілгені дұрыс секілді көрінгенмен, оған ешқандай автор келісе алмайды. Өйткені, өзі жазып, тиісті сала мамандарына өзі қорғап болғаннан кейін, өзінің сол жобасы жалпы конкурсқа қойылып, ол жобаның концепциясымен мүлде таныс емес өзгелермен бірге өз жобасына өзі таласуға ешқандай автор келіспейді.
Ал, конкурсқа қойса, бағасын ең төмен берген кәсіпкер ұтып алып, “Біреудің малын біреу ысқырып жүріп қарайды” дегендей тек техникалық ерекшелігінде көрсетілгендеріне ғана сай етіп өткізіп береді.
Осыдан келіп қоғамға ешқандай әсері жоқ “жансыз” жобалар өткізіліп “өттіме-өтті” болады. Одан кімге пайда? Текке қаржы шашу болып шығады…
Бұл мәселенің екінші жағы бар. Мысалы, белгілі-бір мекеме бір мерекенің қарсаңында арнайы кеш өткізуі керек болады. Ол кешті өткізуге арнайы қаржы бөлгенімен, ол мекеме оны өзі өткізе алмайды. Сондықтан, оны өткізуді конкурсқа қояды.
Конкурстан бір кәсіпкер ұтып алғанымен, сол конкурсқа қатысқан екінші бір кәсіпкер “шағым” тастаса болды, конкурс нәтижесі қайта тексеріске жіберіліп, нәтижесі шыққанша ұтып алған кәсіпкерге келісім-шартқа рұқсат етілмейді.
Бірақ, тексеріс нәтижесінде “шағым” негізсіз деп табылған күнде де, “шағым” тастаған екінші кәсіпкерге ештеңе болмайды.
Осындай созбалаңның кесірінен сол мерекелік маңызды іс-шараның мерзімі өтіп кетуі де мүмкін.
Ол күні қалада сол кеш өтпей қалса қаншама басшы сөгіс алып, жұмыстан қуылуы да мүмкін. Оларға сонда қайтпек керек?
Сондықтан, авторлық жобаларды қаржыландыруды қайта бастау керек. Немесе, ол заңды қолданыстан мүлдем алып тастап, барлық әлеуметтік жобаларды тиісті мекемелерге ешқандай конкурссыз өздері өткізуге заңды рұқсат берулері керек.
Өздерінің штатты мамандары ұйымдастырып, қаржыны өздері игеруі керек. Сонда ғана “Құда да тыныш, құдағида тыныш” болып, қаншама заңсыдықтардың алдын алуға болады.
2) Кез-келген журналистер мен блоггерлерге ақпарат таратқанда (әсіресе блогерлер) тек бір жақтың емес, екінші тараптың да пікірін міндетті түрде қоса жариялау заңмен міндеттелсе.
Өйткені, көбіне бір жақтың ғана мәліметіне сүйеніп, екінші тарапқа тек сұрау салған негізде ғана ақпараттар таратылады. Содан келіп екінші тарап ол ақпаратты оқып оның жауабын беремін дегенше, қоғамға екінші тарапқа деген негативті пікір қалыптасып, олардың репутацияларына кері әсері қалып кетуі мүмкін.
Ал, ақпарат таратушы тек “Мен әлеуметтік желі арқылы сұрау салдым ғой. Оның ешқандай заңға қайшы жері жоқ” деп оп-оңай жауапкершіліктен құтылуға тырысады.
Сондықтан, ақпарат таратарда міндетті түрде екінші тараптың да жауабын алып, екі жақтың жауабы қатар берілуі заңмен міндеттелуі керек. Сонда ғана белгілі-бір тараптарға көпе-көрнеу жасалатын ақпараттық шабуылдарға тоқтам болуы мүмкін (біреулер қазір осындайды кәсіп етіп алған).
Мысалы: Кез-келген адамға қатысты ”Сіздің үстіңізден осындай шағыммен келіп, сізді жемқорлық пен алаяқтық жасап пәлен тірлік істеді деп отыр. Қолдарында құжаттары бар. Сіз жемқор алаяқсыз ба?” деген ақпаратты таратады. Сіз оған жауап берерсіз белгілі бір уақытта. Немесе, сіз ол ақпаратты мүлдем көрмеуіңіз де мүмкін.
Бірақ, сіздің жауабыңызға дейін қоғамда сізге деген “Ол— жемқор алаяқ екен” деген пікір қалыптасып кеткен болса, оған кім жауап береді?
Ал, ақпаратты таратқан адам “Мен тек сұрау салдым” деп жалтаруы мүмкін(бірақ, заңмен нақты кіріссең, ол да жазадан құтылмайды).
Мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған.
Сондықтан, әуелгі ақпарат таратушыны екінші тараптың да жауабын алып барып таратуды міндеттейтін заңның керектігі өзекті.
Өзге де ұсыныстар болғанымен, оларды толықтырып арнайы хатпен жолдармын деп шештім.
Қосар ойыңыз болса мархабат.