Жайықта қырылған балық. Жаңа дерек пен «даулы» сот

0

Атыраудағы балық қырғыны туралы ақпарат 2018 жылы желтоқсанның басында тараған. Бірінші факт Жайық өзенінің жасанды тармағы – Нижняя Перетаска арнасында тіркелді. Бұл арнаға екі ірі кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Атырау жылу электр станциясы жақын орналасқан.

Келесі күні қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Атырау су арнасы» мекемесінің су тазарту құрылғылары орнатылған аумақта жаппай балық қырылғаны белгілі болды.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде мұз астында өлген балық туралы видео тарады. Өңірде ведомствоаралық комиссия құрылып, оны Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев басқарды (желтоқсанның 18-і күні Ноғаев Қазақстанның энергетика министрі болып тағайындалды).

Комиссия құрамына су сапасы, экология, орман, жануарлар мен балық шаруашылығы, халық денсаулығы сияқты салаларға жауапты мемлекеттік органдар мен «Ұлттық сараптама орталығы», «Қазгидромет», «Су ресурстары қолданысын реттеу және қорғау бойынша Жайық-Каспий бассейні инспекциясы» өңірлік бөлімшелерінің өкілдері кірді.

Өлген балық.

Өлген балық.

Жаппай балық қырылуына байланысты Қылмыстық кодекстің 328-ші («Су бетін ластап, қоршаған ортаға ірі көлемде зиян келтіру») және 204-бабы («Біреудің мүлкін құртып, аса ірі көлемде зиян келтіру») бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Сол уақытта Луговской жылқы зауыты мен Орал-Атырау бекіре зауытының Атыраудағы аудандарында бекіре тұқымдас балық қырылғаны анықталды.

Екі аптадан кейін ведомствоаралық комиссия отырысында алғашқы деректер жарияланды. 2018 жылы желтоқсанның 25-і күні орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов:

— Луговской жылқы зауытында – 3,4 тонна, Орал-Атырау бекіре балық зауытында — 164 бекіре қырылған. Жайық өзенінде қырылған қара балықтың жалпы салмағы – 4,1 тонна. 4,2 миллион теңге шығын келді. Перетаска арнасында қырылған балықтың жалпы салмағы – 1,3 тонна, келген шығын – 1,2 миллион теңге, — деп мәлімдеді.

Ауға түскен балық. Көрнекі сурет.

Ауға түскен балық. Көрнекі сурет.

Билік сол кездің өзінде Жайық өзені суының қауіпсіз екенін айтқан. Мұны зерттеуге алынған су сынамалары растаған.

— Атыраудан Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейін өзен суынан 69 сынама алынды. Тірі балықты да тексердік. Сараптама қорытындылары қауіп жоғын көрсетіп отыр, — деді жиын барысында сөз алған қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі Амантай Жұмағалиев.

«ЖАҒДАЙ – БАҚЫЛАУДА», БІРАҚ СҰРАҚ БАР

Жайықта зерттеу жүргізген сарапшылар мен жергілікті билік өкілдері өзендегі балық улану оқиғасының салдары толық жойылғанын мәлімдегенімен, бірнеше күн бұрын қара балықтың қырылғаны тағы тіркелген. Бұл туралы ақпарат желтоқсанның 19-ы күні әлеуметтік желіде жарияланды.

Балық қырғыны туралы ақпаратты бірінші болып жергілікті журналист Виктор Сутягин Facebook парақшасына жариялады. Ол «Атырау мұнай өңдеу зауытының су жинау құрылғысы жанында не болғанын білмеймін. Балық неге қырылғаны белгісіз. Арасында жартылай тірі балықтар да бар. «17 балық жиналды» деген дерекпен келіспеймін. Балық ауда өлген деген ақпаратқа да қосылмаймын. Балықтар тап-таза. Бірінші санағанымда 30 балық болатын. Суретке түсіріп алдым. Кейін көзіме ілінген балық саны 50-ге жеткенде телефон жадында бос орын қалмады» деп жазды.

Балық қырғынын орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің облыстық инспекциясы да растады, бірақ қырылған балық саны мен оның себебін айтқан жоқ.

— Біз қырылған балықтың бір бөлігін жинап алдық. Зерттеу жүргізу үшін зертханаға бердік. Мамандардың қорытындысынан кейін балық қырғынына не себеп болғанын айтамыз, — деді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі облыстық инспекциясының бас маманы.

Биліктің хабарлауынша, балықтың қырылу себебін анықтауға күнделікті өзен суына мониторинг жүргізетін ведомствоаралық комиссия да қосылған. «Енді сарапшылар химиялық, бактериологиялық, вирусологиялық және радиациялық көрсеткіштерді анықтайтын зертханалық сараптамадан бөлек, кең көлемді зерттеулер жүргізеді» деді тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының қызметін атқарушы Амантай Жұмағалиев.

Сарапшылар арада бір жыл өтсе де, Атырау облысында әлі күнге су сапасына мониторинг жүргізетінін, алаңдауға еш негіз жоғын айтады.

— 2019 жылы қарашаның соңында Атырау облысы әкімдігінде дөңгелек үстел өтіп, бірнеше ай бойы күнделікті алынған су сынамасы химиялық сараптамадан өткізіліп келгені айтылған. Қазір жағдай бақылауда, өткен жылдың желтоқсан айынан бері хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшері белгіленген нормадан асқан жоқ. Мұны сотқа дейінгі тергеуге қатысқан екі ұйымнан шақырылған сарапшылар да растаған. Олар су сынамасында хлорид мөлшері көп екені анықталғанын, балық қырғыны хлоридтің рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кетуінен болғанын айтты, — деді Азаттықпен телефон арқылы сөйлескен орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің жетекші маманы Мәншүк Темешева.

Жергілікті сарапшылар сараптама жүргізу кезінде сұрақ туғызған кей жайттарға мән берілмегенін айтады. Мысалы, сарапшылар зерттеу кезінде қандай стандарттар мен нормаларды басшылыққа алып отырғаны белгісіз. Өйткені Жайық бойынша рұқсат етілген шекті көрсеткіштің қазіргі заманға сай нормасы жоқ.

— Біз «Жайықта рұқсат етілген шекті көрсеткіші, жалпы санитарлық нормасы бар ма?» деп сұрағанымызда, өзенде судың мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін растайтын қазіргі заманғы стандарттар мен нормативтер жоғы анықталды. Яғни, Совет одағы тарағаннан кейін ондай стандарттар мен нормативтер болмаған, — дейді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина Чернова.

Бұған қоса Чернова балық қырғынынан кейін Жайықта зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты сұрақтары барын айтты. Экологтың пікірінше, уақыт өткізіп алғандықтан қазір Жайықтағы жағдай жайлы толық мәлімет бар деуге келмейді.

— Дөңгелек үстелде баяндама жасағандар өзенде төтенше ластану тіркелмегенін айтқан. Бірақ бұл оны қалай есептегеніне байланысты. Негізгі «соққы» өткен жылдың желтоқсан айында болса, олар зерттеуді биыл шілде айында бір-ақ бастады. Ондайда сол кездегі ластанудың ізін де табу мүмкін емес. Бұл әзірге алдын-ала зерттеу екеніне қарамастан, қандай да бір динамиканы анықтауға болар еді, — дейді Галина Чернова.

Биліктің дерегінше, Жайықта балық тапшылығы байқалмайды.

— Наурыздан қарашаға дейін Жайық бойынша белгіленген шекті көлемнің 81 пайызына тең балық ауланды, теңіз бен Қиғаш өзенінде балық аулау әлі де жалғасып жатыр. Биылғы жылы теңізде – 7165 тонна, Жайық өзенінде –4583 тонна және Қиғаш өзенінде 3715 тонна балық аулауға рұқсат берілген. Барлығы – 15464 тонна, – деді балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Жергілікті балықшылардың айтуынша, 2019 жылы ауланған балық саны күрт қысқарған. Әуесқой балықшы Дмитрий Карасев өзенде балық азайғанын айтады.

— Жайықтың кез келген жерінен балықтың неше түрі қолға ілінетін. Жайыққа құятын басқа өзендерде де солай болатын. Қазір өзеннің жағдайы мүшкіл, балық жоқтың қасы. Балық жоғалып кетті ме, әлде уланып өлді ме, білмеймін. Қазір қармағына балық ілінетіндер аз. Мен мұны уланумен байланыстырамын. Өйткені сол оқиғаға дейін балық жақсы ауланатын, — дейді Карасев.

СОТ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Балық қырғыны бойынша Қылмыстық кодекстің 328-ші және 204-баптарына сәйкес, жергілікті «Атырау су арнасы» коммуналдық мекемесінің үш қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғалған. Тергеу қорытындысында балық қырғынына себеп болған хлордың суға бөлінуіне «Атырау су арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары Виктор Сущенко мен су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсин кінәлі деп көрсетілген. 2019 жылы маусымның 5-і күні өткен баспасөз жиынында Атырау облысы полиция департаментінің балық қорына қол сұғу қылмысына қарсы күрес бөлімінің бастығы Серік Жанұзақов:

— Тергеу жұмыстары аяқталып, өзеннің ластануы мен балық қырғынына хлор себеп болғаны анықталды. Қазір іс прокуратурада жатыр, ары қарай сотқа жіберіледі. Тергеуді ІІМ арнаулы тобы жүргізді, сот Атырауда өтеді, — деді.

Бір айдан кейін, шілденің 5-і күні сот процесі басталды. Балық қырғыны жайлы сот бес айдан бері жалғасып жатыр. Айыпталушылардың бірінің адвокаты Амантай Дүсіпов жақын күндері қорытынды сот отырысы өтіп, үкім шығады деп хабарлады. Дүсіпов сот айыпталушыларды ақтайтын шешім шығарады деп үміттенеді. Өйткені қорғаушылар сотқа дейінгі тергеу кезінде болған бірқатар заңбұзушылықты анықтаған.

— Барлық адвокат пен айыпталушылардың позициясы – бір, біз соттан ақтауды сұрадық. Сотқа дейінгі тергеу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілген, — дейді адвокат Дүсіпов.

Атырауда Жайық өзені жағасына шығып қалған өлі балықты жинап жүрген адамдар.

Атырауда Жайық өзені жағасына шығып қалған өлі балықты жинап жүрген адамдар.

Амантай Дүсіпов сараптамаға жіберілген су сынамасы мен балық үлгісін бұл істе құзыреті жоқ адам жинаған деп санайды. Оның пікірінше, дәл осы сараптама қорытындысы қылмыстық іс қозғауға негіз болғандықтан, оларды не тергеуші, не прокурор қабылдамауы керек еді.

— Негізгі сынамаларды алған кісі, қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, бұл жұмыспен айналыспауы керек. Оның үстіне істі прокурор қарамаған, біз бұл туралы сотта айттық. Өйткені прокурор істі дұрыстап қараса, бұл заңбұзушылықтар сотқа жетпей анықталар еді. Прокурор тиісті шара қабылдауы керек болатын, — дейді Дүсіпов.

Қылмыстық істен бөлек, бірнеше азаматтық шағым түскен. Қара балық бойынша есептелген шығын 13 миллион 924 мың теңгені құраған. Бекіре зауыты шығынын 429 миллион теңге, ал «Луговской жылқы зауыты» ЖШС – 1,5 миллиард теңге деп бағалап отыр.

Azattyq