Арыста «қыз алып қашпақ» болғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

0

Түркістан облысы Арыс қаласында «қыз алып қашпақ болған» тұрғындардың үстінен «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова айтты.

Қаракөзованың сөзінше, оқиға 23 желтоқсанда Арыс қаласындағы мейрамханалардың бірінде болған. Күдікті қызды үйлену үшін алып қашқан. Полицияға қыздың шешесі арызданған. Жәбірленуші де, күдікті де – Арыс қаласының тұрғыны.

Оқиға жайлы видео 23 желтоқсанда Instagram желісінде тараған. Департаменттің хабарлауынша, қазір осы оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

Қазақстан қоғамында «Қыз алып қашуды» салт ретінде қарайтындар және оны қылмыс деп санайтындар да бар. Қазақстанда «қыз алып қашу» оқиғаларының жеке есебі жүргізілмейді. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің «адам ұрлау» бабымен іс қозғалады.

Құқық қорғаушылар билікті «қыз алып қашуды» жою үшін оның есебін жүргізіп, Қылмыстық кодекстен жеке бап арнауға шақырған.

Қыз алып қашу: қылмыс әлде дәстүр?

Azattyq