Жайық шаһары қайта жаңғырады
Алтын Орда мемлекетінде жүздеген шаһар болған. Ол заманда бірде-бір мемлекет мұндай дәрежеге жетпеген еді дейді ғалымдар. Осы қалалардың кемінде үшеуі – Жайық, Жалпақтал және Сарыөзен қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағында жатыр.
Көне заман саяхатшылары Жайық өзенінің бойында ортағасырлық бірнеше шаһар болғаны туралы естеліктер қалдырып, олардың орнын картаға да түсірген. Бірақ отаршыл Ресей де, оның мұрагері – Кеңес өкіметі де Ұлы даланың ұлы қалаларын зерттеуге құлықсыз болды.
– Кеңестік тарих ғылымы идеологияның құлына айналып, тарихты бұрмалап көрсетті. Мысалы, Орал өңірінде ортағасырларда қала болғанын ХVІІІ ғасырда Паллас, Рычков секілді орыс ғалымдарының өзі айтып кеткен. Бірақ Кеңес кезінде ол туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Мысалы, Жалпақтал қаласы 68 га аумақты алып жатыр, ол жөнінде Паллас естелік қалдырған. Бірақ біз оны 2007 жылы ғана таптық. Кеңес кезінде «қалалық мәдениетті, өркениетті таратушы – біз (орыстар) ғана» деген саясат насихатталды, – деген еді тарих ғылымдарының докторы Мұрат Сыдықов.
Кесенелі көне жұрт
Орал қаласының іргесіндегі ортағасырлық Жайық қалашығының орны 2001 жылы кездейсоқ табылды. «Қарашығанақ – Үлкен Шаған – Атырау» мұнай құбырын салушылар кірпіш күйдіретін үлкен пеш құрылысының үстінен түспесе, көне қала құпиясын қойнына жасырып әлі қанша жатар еді?!
Дегенмен, бұл маңда өркениет ошағы, шулы шаһар, зиялы жұрт болғаны шынайы ғалымдарға ежелден-ақ белгілі-тұғын. Бірақ Ұлы даланың осы бір пұшпағын – Жайық бойын соңғы бірер ғасырда иемденген келімсектер бұл тарихты мүлдем жоюға тырысқан. Қала орындары, ондағы алып ғимараттар, тіпті зираттар тас-талқан болып қиратылып, іргетасына дейін қазылып, тоналғаны – соның айғағы. Әбден талан-таражға түскен, тапталған тарихымыз Тәуелсіздіктің арқасында ғана түгенделе бастады.
Түгенделгені сол емес пе, көне шаһар орны табылғаны жөнінде хабар естілісімен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары Оралға келіп, қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмысты әйгілі археолог, академик Карл Байпақов қадағалады. Сөйтіп, Оралдың іргесіндегі Желтау биігінен шығыс моншасы, тұрғын жайлар, бірнеше кесене орындары табылды.
– Дәл осы кесенеде көп сыр жатыр, – дейді Жайық қалашығы орнында 2012 жылдан бері бірнеше жыл қазба жұмысын жүргізген археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов.
Ғалымдар көне қаланың орталық бейіті деп есептеген аймақтан ортағасырлық қос кесененің орнын зерттеді. Біріншісі – екі камералы немесе «кіші кесене» деп аталады. Мұрат Дабылұлының пікірінше, бұл ескерткіш жоғары тап өкіліне тиісті болуы мүмкін. Құрылыс және қаптау материалдары жергілікті жерде өндіріліп, олар жоғарыда айтылған құрылыс материалдарын күйдіретін пештерде жасалғаны анықталды.
Кесененің архитектуралық әдісі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы барлық Алтын Орда дәуіріне тиісті осындай құрылыстарына тән деуге болады. Яғни төрт бұрыш пішінде тіктеліп, 30х25х6; 24х24х5 см өлшемді кірпіштерден қаланған. Қазба жұмыстары кезінде өсімдік тектес оюлармен айшықталған қаптама тақтайлар көп табылды. Бұндай жәдігерлер Алтын Орда қалаларының құрылыс ғимараттарында кездеседі.
Құрылыс орындарының қабырғалары мен едендері бір кездері түбегейлі бұзылып, талқандалған. Кесене жоспарда тікбұрышты пішіндес болып, көлемі 9х12 м, екі күмбезбен көмкерілген болуы мүмкін. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 175 см-ге жетеді.
Бейіттегі зерттелген екінші нысана – «Үлкен кесене». Кесене екі камералы болып келіп, ені – 12,85 метрге, ұзындығы – 19,5 метрге жеткен. Кесене үстінде көлемі әртүрлі пішінде бірнеше күмбез болғанға ұқсайды. Олар өзіндік табандар мен өтпелі қондырғыларға орнатылған болуы мүмкін. Күмбездердің сыртқы бөлігі көк жылтыр қаптамалармен көмкерілген.
Ескерткіштің қасбеті (фасады) орталық монументальды портал түрінде дайындалған. Кесененің ішкі бөлігі алтын жалатылған көк түсті қаптамамен, полихромды жазбамен безендірілген. Бірінші бөлменің көлемі – 4,4х4,4 м, квадрат пішінде. Бұл бөлмені зияратшылар Құран сүрелерін оқуға немесе басқа да діни шаралар өткізу үшін пайдаланған болса керек. Ал негізгі бөлмеде 10 жерлеу орны анықталды. Кесененің төріндегі орталық қабір басқалардан ерекше болып келген. Бас қабірдің айналасы қызыл кірпіштермен биіктетіліп, сырты жылтыратылған қыш жапсырмалармен безендірілген.
– Біздің болжауымызша, бұл кесенеде әлдебір әулеттің ең сыйлы адамы немесе қандай да бір діни ғұлама қойылып, кейін оның қасына ағайын-тумалары немесе мурид-оқушылары жерленген болуы мүмкін. Себебі кесенедегі бас қабір алдымен жерленгені, қалғандары соңынан қойылғаны зерттеу кезінде анықталды, – дейді Мұрат Қалменов.
Көне шаһардың жаңа ғұмыры
Жоғарыдағы жаңалықтардың өзі-ақ Жайық қалашығы Алтын Орда дәуірінде жоғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын дәлелдеген. Ғалымдар Жайық қаласы – бүгінгі Орал қаласының атасы деген ортақ пікірге келді. Сөйтіп «Орал қаласының іргесін 1613 жылы казактар қалады» деген ұшқары тұжырымның күлі көкке ұшты.
Ортағасырлық Жайық қаласының даңқы жалпақ жұртқа жайылғанымен, алда әлі жасайтын жұмыс көп еді. Соның ішінде там-тұм табылған жәдігерлерге зертханалық терең талдау жасалынып, нақты ғылыми тұжырымдар жасалуы қажет болатын. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының бұрынғы басшысы Мұрат Сыдықов ұсынған «Ортағасырлық Жайық қалашығы аспан астындағы музейі» жобасы да жоба күйінде қалып қойды.
– Жайық қалашығы орнынан табылған үлкен кесенеден 11 адамның, кіші кесенеден 9 адамның сүйегі шыққаны белгілі. Бірақ осы сүйектерге лабораториялық күрделі зерттеу жұмысы жүргізілді ме, нәтижесі қандай? Осы мәселе бізге бізге беймәлім болып тұр. Қазір тиісті орындарға хат жазып, сүйектерді кері қайтаруды сұратып жатырмын, − дейді Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының жаңадан тағайындалған директоры Жантас Сафуллин.
Сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыс қалдықтарына да зертханалық сараптама жасалмаған. Ал мұндай зерттеу керек-ақ. Кесенеде жерленген адамдар кім? Олар бір-біріне туысқан ба? Мүмкін Шыңғыс хан нәсілінен шығар? ДНК сараптамасы арқылы мұның бәрін анықтауға болар еді. Қыш қалдықтарына жасалған сараптама да оның жасын, құрамын, стилін анықтап, өзге өңірден табылған жәдігерлермен салыстыруға, сол арқылы қандай да бір тұжырым жасауға мүмкіндік берер еді.
Дегенмен елімізде былтыр басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ортағасырлық қала тарихын зерттеу ісіне екінші тыныс ашты. «Киелі Қазақстан» бағдарламасы аясында қала орны еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілді. Өңір басшылығы да тарих тәбәрігін халықтың назарына ұсынуға, туристердің тамашалауына жағдай жасап, мәдени-рухани орталыққа айналуына мүдделі болып отыр.
– Көне Жайық қаласының орнын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасын дайындап жатырмыз, – дейді Жантас Сафуллин. – Кесене орындары анау жылы қазылғанымен, қазір қайта көмілген еді. Оның үстін жел мен жауын-шашыннан сақтайтын түссіз шатырмен көмкеріп, қайтадан қазсақ, келушілердің назарына ұсынсақ дейміз. Бір қызығы, дәл осы кесене жанында сармат заманынан қалған оба тұр. Ол обаға да қазба жұмысын жүргізіп, үлгі ретінде сақтауымыз керек деп есептеймін. Өйткені бұл тарихи тізбекті – осы Ұлы даланың қожайындары болған сақ-сарматтардың және алтынордалықтардың сабақтастығын дәлелдейтін керемет ескерткіштер ғой!
Хан тоғайына жаңа көзқарас
Орал қаласының іргесінде, Шаған өзенінің Жайыққа құйылар тұсында «Хан тоғайы» деп аталатын табиғи мүйіс бар. Табиғи тұмса қалпы күні бүгінге дейін сақталып жеткен осы атау қайдан шыққан?
Дәл осы жерде 1812 жылы Ішкі Қазақ ордасының билеушісі Бөкей хан Нұралы хан ұлын, 1824 жылы Бөкейұлы Жәңгір ханды ақ киізге отырғызып хан көтеру рәсімі – қазіргіше айтсақ инаугурациясы өткен.
– Орынбор билігі неге Бөкей мен Жәңгірді 600 шақырым жерден арнайы алдырып, Орал қаласының іргесінде хан көтеру рәсімін жасады? Біздің ойымызша, мұның бір мәні бар. Әлбетте, отаршыл империя өздері қолдап отырған Бөкей мен Жәңгір ханның билігін барынша легитимді еткісі, қазақ қоғамы жатсынбайтын рәсіммен жасағысы келді. Сондықтан да Хан тоғайында салтанатты той жасады. Өйткені бұл жерде ортағасырлардан-ақ осындай рәсімдер өткізілген болуы мүмкін. ХІХ ғасырдың басында іргедегі көне Жайық қаласының орны да анық сақталған шығар. Көне кесенеде Алтын Орда билеушілерінің бірі жатпасына кім кепіл? Қалай болғанда да бұл мәселе тиянақты зерттелу керек деп есептейміз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин.
Дәл осы ойды тарих ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Жаңабек Жақсығалиев та қуаттайды.
– Сарайшық қаласында бір деректе 7, бір деректе 9 хан жерленгені айтылады. Сарайшық пен Жайық қаласының арасы ол кездегі өлшеммен алғанда да қашық емес. Сарайшық – ұлттың ұлы тұлғалары жерленетін пантеон болса, билеушілерді таққа отырғызып, хан сайлайтын орын – Жайық жағасындағы Хан тоғайы болуы әбден мүмкін. Өйткені бұл жерді 1812 жылға дейін де, яғни Бөкейді хан көтерместен бұрын да «Хан тоғайы» деп атағаны жөнінде деректер бар, – дейді Жаңабек Жаңабайұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/