Алматыда StarCraft ІІ жеңімпаздары анықталды

0

Алматыда StarCraft ІІ жеңімпаздары анықталды

Алматыда StarCraft ІІ дисциплинасы бойынша Орталық Азия ашық турнирі аяқталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге. 

StarCraft ІІ – стратегиялық ойын санатындағы халықаралық киберспорт дисциплинасы. 17 желтоқсан күні Алматыда өткен Орталық Азия ойындарына 10-13 желтоқсан аралығында өткен іріктеу ойындарының жеңімпаздары Әділет Lightweight Сатыбалдин (Алматы), Алмат Replicant Төлеуғалиев (Карағанды), Владимир Upakowka Деркульский (Павлодар) және Антон AntonyZerg Рудь (Алматы) сынды ойыншылар қатысты. 

Финалда өзге ғаламшарлық протосстар әскерімен ойнаған Әділет Lightweight Сатыбалдин жеңімпаз атанды. Ол ақтық сында қарсыласы Владимир Upakowka Деркульскийді жеңді. Lightweight бірінші шайқаста әуеде басым болды. Ал екінші шайқаста Lightweight барлық детекторынан айрылса да, қарсыласының көрінбейтін юниттерін жайпап салды. Үшінші шайқаста да Lightweight жеңіп шықты. Айта кету керек, Әділет Сатыбалдин – тәжірибесі толысқан сақа киберспортшы. Ал 16 жасар Владимир Деркульский – енді ғана танылып келе жатқан жас ойыншы.

Жарыс нәтижесі бойынша, Lightweight 1 200 000 теңге көлемінде жүлдеге ие болды. Владимир Upakowka Деркульский екінші орын үшін 500 000 теңге еншіледі. Үшінші орын алған Алмат Replicant Төлеуғалиев болса, 200 000 теңгелік жүлдеге ие болды. Естеріңізге сала кетейік, Replicant 11 қарашада өткен World Electronic Sports Games (WESG) турнирінде жеңіске жеткен еді. Ол 2019 жылы наурыз айында Қытайда өтетін гранд-финалға Қазақстан атынан қатысады. Алматыдағы финалда төртінші орынға Антон AntonyZerg Рудь ие болып, 100 000 теңге жүлдені еншіледі. 

31 жасар Әділет Сатыбалдин бұл ойын шыққалы бері ойнап келеді екен. Ол Еуропа аймағы бойынша топ-200 рейтингіне 2016 жыл енген. Қазір рейтингте 110-орында келе жатыр. Ол ойынның орта тұсында жеңіске жетемін деп ойламаған екен.

Әділет Lightweight Сатыбалдин

«Мен көрінбейтін юниттерге қарсы ойнағанда жеңілетінімді сездім. Бірақ әскеріммен шабуылдар ұйымдастыра бастағанымда, қарсыласым күтпеген тұста беріле салды. Бұған таң қалдым. Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Комментаторларды жақсы таңдаған», – деді Сатыбалдин. 

Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген премьер-министр орынбасары Асқар Жұмағалиев Қазақстанда киберспортты дамытудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Қазір президент тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» жобасы бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Киберспорт – сол бағдарламаны алға жетелейтін бір фактор. Себебі киберспорт арқасында IT саласына қызығушылық арта түседі», – дейді Асқар Жұмағалиев. 

Премьер-министр орынбасары Асқар Жұмағалиев және Qazaq Cybersport Federation президенті Қуанышбек Есекеев

Qazaq Cybersport Federation президенті Қуанышбек Есекеев ойын инфрақұрылымының маңызы жайлы айтып өтті. 

«StarCraft II – киберспорт дисциплиналары ішіндегі ең айтулы ойын. Биыл біздің құраманың ойыншылары осы дисциплина бойынша Азиадаға қатысып қайтты. Келесі Азиадаға біз жаңа ойыншыларды дайындамақпыз, олар дәл осындай турнирлерде біраз ысылып, іріктеліп шығады», – деді ол. 

StarCraft ІІ Орталық Азия ашық турнирінің комментаторлары Алексей Alex007 Трушляков пен Михаил Olsior Зверев болды. 

Алексей Alex007 Трушляков және Михаил Olsior Зверев

Танымал комментатор турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына дән риза. 

«Көп нәрсе қазіргі топ ойыншалар болашақта қалай дамитынына байланысты. Мықты ойыншылар көп болса, жергілікті, шетелдік жанкүйерлердің қызығушылығы арта береді. Дәл осындай турнирлер ұйымдастырылса ғана даму болады», – дейді Трушляков.

Алексей Аlex007 Трушляков  

Qazaq Cybersport Federation вице-президенті Евгений Богатырев Орталық Азия жарыстарынан бөлек WESG халықаралық турнирінің қазақстандық іріктеу ойындарын өткізгенін еске салды. 

«2018 жылы мемлекет ресми аккредитация беріп, киберспорт ресми спорт түрі деп танылды. Қазақстан қатыстқан алғашқы ірі турнир Джакартада өткен Азиада ойындары болды. Қазір ойыншыларға спорттық разряд тағайындау жұмыстармен айналысып жатырмыз», – дейді Евгений Богатырев. 

Qazaq Cybersport Federation вице-президенті Евгений Богатырев 

Вице-президент айтуынша, киберспортшылар спорттық разрядқа ие болса, мемлекеттен арнайы жалақы ала алады. 

Qazaq Cybersport Federation 2019 жылы StarCraft ІІ және өзге дициплиналар бойынша турнирлер ұйымдастырмақ.


Дереккөз: https://massaget.kz/