«Жай жүрмін!» Алматы полициясы адамдарды қалай ұстады?
Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін жариялаған күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қаласында полиция адамдарды ұстады. Азаттық тілшілері Алматыдағы полицияның адамдарды ұстаған сәтіне куә болды.
Таңғы 11-ден бастап полиция Астана алаңы жанындағы көшелерді жауып, «митингіге келуі мүмкін» адамдарды ұстады.
Елде тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 9-10 маусымда азаматтарды бірнеше қалада митингіге шығуға шақырған.
Астана алаңы маңынан өтіп бара жатқан көлік жүргізушілері сигналды басып тұрып алды. Олардың президент сайлауына қарсы наразылық өткізбек болғандарды қолдағаны, не адамдарды ұстап жатқан полицияның әрекетін сынағаны белгісіз.
Ұсталғандар арасында алаңнан жай өтіп бара жатқан адамдар да болғаны кейінірек белгілі болды. Полиция бір адамды велосипедпен кетіп бара жатқан жерінен ұстады.
Ол «Мен осы маңнан жай бара жатқан адаммын» деп айғайлап еді, бірақ полиция оның сөзіне құлақ аспады. Полиция оның велосипедін де көлікке салды. Сол жерде жүрген журналистердің бірі «Велосипед те тұтқындалды» деді.
Полиция алаңдағы орындықтың жанында тұрған бір қызды да алып кетті. Ол бұл жерде анасын күтіп тұрғанын айтты. Кейінірек полиция қызды босатты.
— Қараңдаршы, қандай сымбатты жас жігіт! Ол неге адамдарды ұстап жүр? — деді егде жастағы бір әйел. Жарты сағат бұрын бұл әйелді де полиция көлігіне күштеп отырғызбақ болған. Бірақ оның жағдайы күрт нашарлаған соң, полиция оны босатқан. Ол өзіне келген кезде полицияның әрекетін «бассыздық» деп атады.
— Не болып жатыр? Мені не үшін ұстап жатырсыз? — деді қызғылт жейдедегі ер адам. Ол көлікке отырғысы келмей, қарсылық танытқан еді. Бірақ бірнеше полицей оны жерден көтеріп, күштеп апарып, көлікке салды.
Шамамен екі сағат өткенде полиция көлікке екі әйелді сүйреп әкелді. Олар айқайлап, барынша қарсылық білдірді. Бір минутттан соң ұсталғандардың бірі көлік терезесінен басын шығарды. Оның оң қолынан қан аққаны көрінді. Әйел қолын кескен.
— Адамдар, не болып жатқанын қараңдар! Көмектесіңдер! — деп айқайлады ол.
Тағы бір әйел «Жіберіңдер! Олар суицидке итермелеп жатыр!» деп айғайлады.
Полиция есікті ашып, қолы кесілген әйел көлік жанындағы асфальтқа құлады. Полиция оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қанды тоқтатуға тырысты. Бірнеше минуттан кейін жедел-жәрдем келіп, әйелді зембілге салып, алып кетті.
Астана алаңында азаматтарды ұстау екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Маусымның 9-ы күні жүздеген адам алаңға шығып, осы күні өткен президент сайлауына наразылық білдірген. Наразылық акциясы полиция күшімен таратылған. Құқық қорғаушылар президенттік сайлау күні Алматыдағы полиция бөлімшелеріне 300-ден астам адам жеткізілгенін хабарлады.
ІМ хабарлауынша, маусымның 9-ы күні Нұр-сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде 500-ге жуық адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы бейбіт жиындарды күштеп басу және азаматтарды ұстауды конституциялық құқықтарға қайшы деп тапты.