Зеленский: Макрон Путинді «ұялтпас үшін» Украинаға кейбір шарттарға көнуді ұсынды
Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей басшысы Владимир Путинді «ұялтпас үшін» Украинаға суверенитетпен байланысты бірқатар шарттарға көнуді ұсынды. Бұл жөнінде Италияның Rai 1 телеарнасына берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленский айтты.
Зеленскийдің сөзіне қарағанда, француз президентінің әрекеті «дұрыс болмаған». Зеленский Украина «біреуді ұялтпас үшін территориясын беруге дайын емес» деп жауап берген.
Украина басшысы Макрон ұсынысының мәні неде болғанын және оны қашан жасағанын айтпады. Макронның өзі Мәскеу мен Киевте соңғы рет ақпан айының басында болған. Ол кезде Ресей басқыншылығы басталмаған, бірақ Украинамен шекарада көп орыс әскері болды. Сол кезде ақпарат құралдары Макрон Зеленскийге Ресей шарттарына көну туралы Путин ұсынысын жеткізуі мүмкін деп жазған. Француз президентінің сапарынан кейін екі аптадан соң соғыс басталды.
Зеленский сұхбатта «Эммануэльге дипломатиялық па (қадам) жасауы шарт емес» деген. Ресей президентін «ұялтпау» амалдарын іздегенше Ресейді сақтап қалу жағын ойлауды ұсынған.
Украина президенті сұхбатта Путинмен алдын ала қандай да бір шарт немесе ультиматум қоймай, жеке кездесуге дайын екенін айтқан. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жұма күні екі ел басшысы құжаттарға қол қою үшін кездеспесе, нақты мәселелерді талқыламайды деп айтқан.
Франция тарабы Зеленский сөзіне реакция білдірмеді.