Зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс бар?
Елімізде зейнетақы төлемінің үш компоненті бар – базалық төлем, жасы бойынша және БЖЗҚ-дағы азаматтардың жеке зейнетақы жинағы. Міндетті зейнетақы аударымдары енгізілгенге дейін зейнетке шыққан адамдар базалық және ынтымақты зейнетақы алады, қалғаны үш төлем түрін алуға да құқылы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ынтымақты зейнетақы көлемін қолайлы деңгейде қолдау үшін жыл сайын инфляция деңгейінен 2 пайыз алға жүріп, индекстеп отырады. Министрліктің мәліметінше, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 7 пайызға, базалық зейнетақы 5 пайызға өседі. Яғни, 2018 жылы ынтымақты зейнетақының ең төменгі көлемі 33 745 теңге болса, биыл 36 108 теңгені құрамақ. Ең төменгі базалық зейнетақы 15 274 теңге болса, биыл 16 037 теңге болмақ. Осылайша міндетті зейнетақы аударымына дейін құрметті демалысқа шыққан азаматтар алатын зейнетақының ең төменгі көлемі 52 145 теңгені құрайды.
Сондай-ақ биыл «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес күнкөріс минимумының мөлшері көбейді. Яғни, БЖЗҚ зейнетақы төлемінің минимальды көлемі күнкөріс көрсеткішінің 54 пайызына тең өзгерді. 2018 жылы күнкөріс минимумы 28 284 теңгеге, БЖЗҚ зейнетақы төлемінің төменгі деңгейі 15 274 теңгеге тең болса, 2019 жылы ең төменгі зейнетақы төлемі 16 037 теңгені құрайды. Осылайша ең төменгі ынтымақты, базалық және жинақтаушы компоненттерді қоса келгенде, зейнетақы төлемінің жиынтық көлемі 68 182 теңгені құрайды. Мұндай төменгі зейнетақыға 2019 жылдың
1 қаңтарынан бастап міндетті зейнетақы жарнасы үшін БЖЗҚ-дан төлем алуға құқы бар азаматтар ие болады. Айта кетелік, зейнетақы қорының төлемі ай сайын бір мәрте жүргізіледі.
Сондай-ақ 2019 жылы әйелдер 59 жастан бастап зейнетке шығады. Ал бес және одан көп баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеп өсірген аналар 53 жасынан бастап зейнетке шыға алады.
Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниямен шарт жасасып, тұрақты салым салып отырған тұлғаларға зейнетке ерте шығуға болады. Яғни, әйелдер есепшотына 13,5 млн теңге жинаса, 50-ден 6 ай асқанда зейнеткерлікке шыға алады. Ал ерлер 55 жасқа дейін 9,6 млн теңге жинауы керек. Жыл сайын жинайтын ақшаның көлемі де өсіп келеді.
Осыған дейін зейнет жасына толғандар жылына бір рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағынан 900 мың теңгеге дейін қаржы ала алатын. Мысалы, 2017 жылы зейнетке шыққан адам Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 4 млн жинағы болса, табыс салығын есептемегенде 900 мың теңге алып отырды. Ал табыс салығын қосқанда 760 мың теңгенің төңірегінде алды. Енді оның жинағында 3 млн теңге қалды делік. 2019 жылдан бастап бұл сома бірден берілмейді, яғни он екі айға бөлінді. Сонда ай сайын зейнетақыға қосымша 75 мың теңге алып отырады. Осылайша зейнетақы қорындағы жинағы таусылғанша алуға болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/