Заңгер Тәшенова: Ж.Мамай жалған ақпарат таратуын жалғастыруда

0

Билеуші партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Қазақстанның тіркелмеген Демократиялық партиясының көшбасшысы Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қатысты талап арыз сотын жеңіп алғаннан бері 4 айға жуық уақыт өтті.

Еске сала кетейік, сот шешіміне сәйкес, жауапкерлер таратқан ақпарат Байбектің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп танылған болатын. Белсенді  870 мың теңгеден астам сот шығындарын төлеуге және шындыққа сәйкес келмейді деп танылған материалдарды өшіруге міндеттелді.

Алайда, жауапкерлер сот шешімін толығымен орындаудан бас тартуда. Сот орындаушысы әзірге тек шығындарды өндіріп ала алды, ақша қайырымдылыққа – аутизмі бар балаларға көмектесуге бағытталды.

Нәтижесінде бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 сотында Мамайға қатысты азаматтық іс қаралды. Сот орындаушысы одан мемлекет кірісіне жиынтық 150 мың теңге мөлшерде өсімпұл өндіріп алуды талап етті.

Бауыржан Байбектің мүддесін қорғайтын заңгер Айжан Тәшенованың айтуынша, Жанболат Мамай жалған ақпарат таратуын жалғастыруда.

«Әсіресе, борышкердің сот заңсыз деп таныған әрекеттерді – қорлау, жалған мәлімдемелер тарату, қоғамды адастыру әрекеттерін жалғастырып жатқаны наразылық тудырады», – деді заңгер.

Оның айтуынша, 15 маусымда бірінші инстанцияның сот шешімі шыққан сәттен бастап Жанболат Мамай әлеуметтік желілерде оның сенім білдірушісі туралы 9 жала жапқан ролик жариялаған .

Сондай-ақ жауапкер сот шешімін орындаудан бас тартып отыр.

«Ол мұны қасақана, жария түрде және арсыздықпен жасайды», – деп атап өтті Айжан Тәшенова.

Бұған қоса, заңгер Мамайдың Алматының бұрынғы әкімін түрлі заң бұзушылықтар жасады деп айыптағаны туралы құқық қорғау органдарына өтініштер жіберетінін хабарлады. Осылайша, жауапкер сот шешімін орындаудан жалтаруға тырысады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оған Алматы әкімі болған кезде Байбектің тарапынан бұзушылық фактілері анықталған жоқ деп жауап берді.

Отырыста Айжан Тәшенова сот орындаушысының ұсынысын қанағаттандыруды және сот шешімінің орындалмауына байланысты Жанболат Мамайдан мемлекет кірісіне 157 518 теңге мөлшерінде өсімпұл өндіріп алуды сұрады.