Вакцина «алғаны» үшін қылмыстық іс қозғалуда

0

Катонқарағай ауданының тұрғындары өздерін «коронавирусқа қарсы вакцина алды» деп тізімге қосып жібергенін айтып шағымданды. ШҚО Полиция департаменті бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Осыдан бірнеше күн бұрын тұрғындар өздерінің заңсыз тізімге қосылып кеткені туралы айтып, әлеуметтік желіге видео жариялаған.  Полиция департаментінің ақпараты бойынша, Қылмыстық кодекстің 385-бап 1-бөлігі бойынша (Құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау не мұндай құжатты өткiзу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттiк наградаларын дайындау немесе өткізу) іс қозғалып, кінәлілер анықталып жатыр. Заңға сүйенсек, екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.