Зайсандағы елдің дүрлігуі: Даниал Ахметов аудан басшысын ауыстырды — Қазақстан жаңалықтары
Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары коронавирусқа байланысты тұрғындары өз алаңдаушылықтарын білдірген еді. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аудан басшысын ауыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Егемен Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
Сурет: egemen.kz сайтынан
9 ақпанда Зайсан ауданының тұрғындары «Қытайдан келгендерді коронавирусқа байланысты осы елді мекендердегі медициналық пункттерге орналастырады» деген мәліметке сеніп, аймақта шу шуғарған болатын. Сондықтан 20 ақпанда облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып, мәселені жан-жақты түсіндіргеннен кейін ғана жергілікті халық сабасына түскен-ді.
Сол кезде ауылдықтар жергілікті аудан әкіміне қатысты реніштерін жеткізіпті.
«Кеше аудан әкімін сағат 3-тен бастап күттік. Түнгі сағат 11 жарымда келді. Жергілікті билік халықпен санаспайды», — деп наразылық білдіріпті тұрғындары.
Даниал Ахметов Зайсан жұртшылығына осы ауданды бұған дейін бір мәрте басқарған Серік Зайнулдинді таныстырды. Ол бұған дейін Үржар ауданында әкім болған.
«10 күннен кейін Зайсанға тағы да келемін. Шекаралық аймақтағы 5 ауданға 207 миллиард теңге қаражат бөлеміз. Оның ішінде Зайсан да бар», — депті облыс әкімі.
Бұған дейін наразылық білдірген ШҚО тұрғындары ауруханадан кереуеттер мен төсек-орындарды шығарып тастапты.
stan.kz