«За рулем» журналының бас редакторы: Алматы-Астана тас жолы өте қауіпті

0

Фото: Автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы-Астана тас жолы бойындағы жол белгілерінің бірде-бірі мемлекеттік стандартқа сай келмейді. Бұл туралы «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бас хатшысы, «За рулем» Қазақстан журналының бас редакторы Алексей Алексеев жол құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтты.

Жиын барысында ол «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы осы жылы дөңгелек және автокомпоненттерін шығаратын Continental неміс компаниясы және Subaru Қазақстанның қолдауымен әлеуметтік жобаны іске асырғандарын жеткізді.

«Бұл шараның аясында еліміздегі ең көп жол апаты болатын Алматы-Астана тас жолына автошеру ұйымдастырдық. Өкінішке қарай республикалық маңызға ие бұл тас жол өте апатты болып саналады. Мұнда адамдардың неліктен көз жұматындығына келсек көпшілік қарсы бетке шығып кетеді, яғни жол нашар. Сондай-ақ Швейцариялық құрылғымен жол бойындағы ескерту белгілерінің сапасын тексердік. Нәтижесінде жол бойындағы бірде бір белгі мемлекеттік стандартқа сай келмейтіндігі анықталды», -дейді ол.

Оның айтуынша, жол бойындағы белгілердің кейбірінің түсі, тағы бірінің көлемі, жарық беру деңгейінің төмендігі анықталған және ол түнде келе жатқан жүргізушіге көрінбейді.

«Бұл өте қауіпті, өйткені адам алдында не күтіп тұрғанын алдын ала білуі керек. Кейбір жерде 50 мен жүр деген белгілер тұр, алайда оларда дұрыс көрінбейді. Бұрылыс белгісінің көрінбеуінен адамдар апатқа ұшыраған жағдайлар да кездесті», -дейді А. Алексеев.

Сондай-ақ ол, жол бойында уақытша белгілер өте көп екендігін, олардың қатарында айналып өту, жөндеу жұмысы деген сияқты бос ескертпелер бар екендігін айтып өтті.

«Кейбір жерде 50 мен жүр деген белгі жиі қойылған, жол нашар шығар деп қарасаң, жоқ жол жап-жақсы. Бұл енді пара алу үшін қойылған болуы мүмкін», -дейді ол.

Сөз арасында ол Алматы-Балқаш тас жолы күрделі жөндеуді қажет ететіндігін жеткізді.

«Онда қазір қандайда бір жөндеу жұмыстары жасалып жатыр, дегенімен бұл аралықты түгелдей қайта жасау қажет», -дейді ол.

Жақында ғана Астанада Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның жол апаты бойынша әлемде бірінші орында екендігі айтылды.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ