Ыстанбұлда Тәуелсіздік мерекесі аталып өтті

0

Егемен елдің желтоқсан айындағы Тәуелсіздік күндері Түркия елінде Қазақстанның бірнеше облыстарынан көркем өнерпаздар тобынан құралған концерттік бағдарлама табысты өтті. 

Қазақ диаспора өкілдері көп тұратын Абай ескерткіші бой түзеген Зейтұнбұрын ауданындағы мәдениет сарайында Астанадағы Өнер академиясының профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаеваның жетекшілігіндегі өнер шеберлері мектеп оқушыларынан құралған топ өнер көрсетті. Қазақ – Түрік білім зерттеу орталығы ұйымдастарған іс-шараны Сахария қаласы мәдениет үйінің қызметкері, белгілі домбырашы, өнертанушы, Түркістандағы Қазақ – Түрік халықаралық университетінің түлегі Седат Шолақұлы жүргізді.

Сондай-ақ, Бақыркөй ауданындағы Жем Қаража мәдениет үйінде Шымкент қаласынан келген жас өнерпаздардың өнері қойылды. 40 тан астам өнерге қаблеті бар жас жеткіншектерді Қазақстан мәдениет саласының үздігі, «Жетіген» мектебінің директоры Камила Есқараева басқарып келді. Әрі, саханада бірнеше күйді орындады. Сахна қазақтың «қара жорға» және ұлттық «қамажай» билерімен ашылды.
Домбырада шебер орындалған «Сарыарқа», «Балбұрауын», «Адай» күйлері сахна аспанында күмбірлеп, әсем әндер шырқалып жатты. Осы шараларды ұйымдастырған Қазақ – Түрік білім зерттеу орталығының басшысы, «Үркер» сыйлығының иегері Ертолқын Гайратоллаһ бағдарламамен таныстырды. Жиынға арнайы келген Ыстанбұлдағы Қазақ Бас консулы Нұриддин Аманқұл, Ыстанбұлдағы бірінші Қазақ консулы қызметін атақарған, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі, Қазақстан мәдениет және сауда орталығының басшысы Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйледі. Гүл шоқтарды табыстады.

Мерекелік жиынға аудандағы зиялы қауым өкілдері, Қазақ өнерін құрметтейтін ағайындар, аудандағы бірнеше партиялардың басшылары, Әділет және даму партиясының алқа мүшесі Рашида Зейнешқызы, Қазақ политехникалық университетінің профессоры Гауһар Тұрысбекова, Ыстанбұл университетінің профессоры Ахмет Юксел, Қазақ диаспорасының көрнекті өкілдері Пазыл Топылы, Вена қаласындағы Қазақ қауымдастығының төрағасы Қадыс Зәлім, Ниде облысы Ісмил көй ауылы Қазақ қауымдастығының басшысы Мехмет Әлім, өнер майталманы, Ыстанбұлдық Бешір Көсе, Мұрат Теміз, Әсия Тілеухан, Ерол Иолшы, Айша Саваш, Ыстанбұлда шығатын «Қазақ елі» журанылының редакторы Нұргүл Берікбол қатысты.

Ержан УӘЙІС
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері