Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда ерлік жасады

0

Сеулдегі Қазақастан елшілігінің қызметкері өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, алапат өрттің алдын алды, деп хабарлайды Kznews.kz aқпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Руслан Қайрамбаевтың Кореяға келгеніне айдан асты. Елшілік қызметкері сол күні демалыста еді. Бірақ шұғыл шаруа шығып,елшілікке асығады. Сол-ақ екен, жанып жатқан көлікті байқайды. Руслан Қайрамбаев ойланбастан өртті сөндіруге ұмтылады. Шұғыл әрекеттің арқасында қызыл жалынды ауыздықтайды.

Тұрақтан жанып жатқан машина шықты. Ол машинаны бірінші хатшы Байтілеуов Бауыржан көрген. Мен өрт сөндіргішті алып жүгіріп шығып машинаны өшіруге кірістім, дейді Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев.

Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған.  Жүргізуші жеңіл көлігімен жерасты тұрағынан шыққан кезде қызыл жалын бұрқ етеді.

Жүргізуші өрт басқа көліктерге таралмасын деп көлікті тұрақтан шығаруды ұйғарды. Ол шыққан бетте қарама-қарсы жақта Қазақстан елшілігінен қолында өрт сөндіргіші бар қызметкер жүгіріп шығып, жалынның бетін қайтарды. Әрине, өрт сөндіру қызметін шақырдық, бірақ олар келгенше елшілік қызметкері жылдам қимылдады. Сол үшін оған көп рақмет айтамыз. Мақтауға лайық азамат, деді ғимаратты басқару бөлімінің басшысы Кан У Джун.

Русланның ерлігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Йонсан мөлтек ауданының әкімдігі алғыс хатпен марапаттады.

фото: 24kz