Work and travel: Бағдарлама бойынша АҚШ-қа барып келген жастар тәжірибесімен бөлісті – Қазақстан жаңалықтары

0
16

Бүгінгі таңда жазғы демалысын құр өткізбей «Work and travel» бағдарламасымен АҚШ-қа сапар шегетін жастар қарасы көбейген. 4 айлық бағдарламада жастар бір жағы жұмыс істесе, екінші жағы азуын айға білеген Американы саяхаттап, тарихымен тереңірек танысып келеді. Дегенмен, «Work and travel» бағдарламасының жастарға берері не, артықшылығы мен кемшілігі қандай? Бұл туралы Stan.kz  тілшісі шет ел асып, тәжірибе жинап келген жастардан сұрады.

бағдарлама

«Work and Travel» – АҚШ-тың тұрмысы мен мәдениетін танып, мол тәжірибе жинақтап, ағылшын тілін жетілдіргісі келетін студенттерге арналған теңдесіз халықаралық байланыс бағдарламасы. Сондай-ақ өзге елде жүріп ақша табудың таптырмас мүмкіндігі. Бүгінде 40-тан аса елде өте танымал.

Осы бағдарламаның көмегімен барып келген студент Мырзабаева Анар бұл бағдарламамен мұхиттың арғы жағына аттану үшін ағылшын тілі ең болмағанда орта деңгейлік болу керек дейді.

– 2018 жылы АҚШ-тағы Мэриленд шатындағы Оушен-сити қаласында болдым. Үш ай сол жақта жұмыс істедім. Бағдарламамен барып келген студенттермен сөйлесіп, барлығын сұрап білдім, – дейді Анар. Айтуынша, ағылшынша екі сөздің басын қоса алмайтын достары АҚШ-та жүріп, өздері үшін үйреніп кеткенін айтты.

«Құжаттарды жинау соншалық қиын іс емес. Бастысы, шет елдік төлқұжатың болуы керек. Ең қиыны виза шығар. Өйткені елге қайтып келетініңе сендірмесең, виза бермейді», – деген Анар шет елде жүріп жұмыс істеудің өз жауапкершілігі барын айтады.

«Менің екінші жұмыс орнымда менен бұрын қазақ жастары істеп кеткен екен. Орын алған кикілжіңге байланысты қазақтар туралы жағымсыз пікір қалыптасыпты. Алдымызда барған жастар әріптестерімен жаға жыртысып қалған. Содан кейін қазақтарды жабайы деп таниды. Жастарға айтқым келетіні – сіздер басқа елге барғанда өз еліңізді таныстыру үшін барасыздар. Қандай үлгі көрсетсеңіздер біздің халқымыз туралы сондай пікір қалыптасады. Сондықтан мәдениетті болайық. Америкалықтардың барлығы тәртіппен, заңмен жүреді. Бастықтың рұқсатынсыз ештеңе алуға құқығың жоқ. Олар тәртіптің болғанын жақсы көреді», – деген Анар қазақтарға деген сенімсіздіктің барын айтып қалды.

«Work and Travel» бағдарламасымен Американың Техас штатында жұмыс істеп келген Розикулова Сарвиноз бұл ел танып, жер көрудің таптырмас мүмкіндігі дейді.

«Америкаға бару оңай емес. Ал бұл бағдарлама жастарға шет елде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға көмектесетін бірден-бір мүмкіндік. Ол жақтың адамдарының ойлау жүйесі, танымы кең. Оның барлығы жастарға мол тәжірибе болатыны сөзсіз», – деген 3-курс студенті Сара жастарды осы бағдарламамен баруға шақырады.

Аида Мажитова болса мұндай бағдарламамен шет елде жұмыс істеп келу үлкен тәжірбие болады деп сендірді. Оның айтуынша, алыстағы елдегі жұмыс тәжірибесі өз бетіңмен шешім қабылдауға көмектесіп, жас кезден бастап қомақты қаражат табуға болатынын көрсетіп, өзіңе деген сенімділікті арттырады. Бағдарлама бойынша барған жастар бір маусымда 10 мың АҚШ долларына дейін табуға болатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ жіберген компанияны да жақсылап таңдап алуға кеңес береді. Өйткені нешетүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бұған дейін барып келген достардан пікір, ақыл-кеңес сұрап алған жөн екенін ескертті.

«Work and Travel» бағдарламасымен жұмыс істеп келген жастар 3 айда қанша тапқандарын видеодан айтты.

Дайындаған: Жанна Мәлік

stan.kz