WhatsApp-тағы чаттарға қосылған 300-ге жуық адам сан соғып қалды
Қысқа сілтеме алу
Елордалық полицейлер «Реальные доходы 1» және «Реальные доходы 2» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірін ұстады
НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен 45 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдікті WhatsApp мессенджерінде «Реальные доходы 1» және «Реальные доходы 2» деген екі чат ашқан. Сөйтіп адамдарды 20 мың және одан көп ақша салуға көндірген. Небәрі он бес күннің ішінде 100% табысқа кенелетініне сендірген. Осылайша алаяқ әйел астана мен басқа өңір тұрғындарының сеніміне кіріп, қомақты қаржыны заңсыз иемденген.
Күдікті қаржы пирамидасын өткен жылдың мамырынан бері басқарғаны белгілі болды.
«Қазіргі таңда полицияға арызбен 40-тан астам салымшы жүгінді. Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтың әрекетінен елдің әртүрлі өңірінде тұратын 300-ден аса адам зардап шеккені анықталды», — делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Павлодарда мектеп мұғалімінің қылмысы әшкере болды
Қазір бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша тергеу жүріп жатыр.
Күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Полиция зардап шеккендерден Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне (Бейбітшілік 19) келуді немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрады.
sputniknews.kz