Ветеринария мұраты – адам саулығы
Халықаралық эпизоотиялық бюроның Орталық Азия суб-өңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаев бұл кеңестің аталған аумақта бірінші рет өтіп отырғандығын мәлімдеді.
Кеңесте сөз алған сарапшылар қоршаған орта жағдайы мен ондағы жануарлар ауруының адам денсаулығына ықпалы зор екендігін айта келе, өңірде жиі кездесетін бруцеллез, эхинококкоз және құтыру секілді жануарлар ауруымен мал және адам дәрігерлерінің бірлесе күресуі қажет екендігін айтып өтті. Олардың келтірген мәліметтері бойынша, соңғы 30 жылда адамдарда кездесетін аурулардың 60 пайызының жұқпалы сипаты болса, соның 75 пайызы жануарлардан тараған. Яғни бұл жерде күш біріктіру қажет. Осыған орай халықаралық деңгейде «Бірыңғай денсаулық» атты тұжырымдама қабылданған болатын. Оның талаптарын жүзеге асыруға қатысу әр ел үшін маңызды.
Суб-өңірлік кеңестің ашылу шарасынан кейін жиын семинар түрінде жалғасты. Онда Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Грузиядан келген өкілдер мен еліміздің мамандары әр елдегі эпидемиологиялық қадағалау жағдайының жолға қойылуы мен проблемалары туралы әңгімеледі. Мәселелердің шешімі халықаралық сарапшылармен бірге сарапқа салынды.
Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңсесінің басшысы Олег Честнов бруцеллез, эхинококкоз және құтыру секілді жануарлар ауруымен күрестің халықаралық маңызы және еліміздегі эпидемиологиялық қадағалау жағдайы жөнінде журналистерге әңгімелеп берді.
«Экономикалық тұрғыдан біз әлі дамыған елдердің деңгейіне жеткен жоқпыз. Алайда, эпидемиологиялық қадағалау деңгейі бойынша біз өте қуатты жүйені құра білдік. Эпидемиологиялық қадағалау – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі өткір мәселелердің бірі. Себебі жағдай эпидемия немесе пандемия сатысында болуы мүмкін. Шынтуайтында, құс тұмауы Қазақстанға кіргізілмей тоқтатылды. Қазақстанда эпидемиологиялық қадағалау бойынша ең үздік мамандар жұмыс істейді. Олар Қазақстанның лабороториясын жақсы қолдана білді, деді ол.
О.Честновтың айтуынша, дәрігерлер мен ветеринарлар адамдар мен жануарлардың өміріне бірдей қауіпті жұқпалармен жеке күреспей, күш біріктіруі керек. «Қазақстанда ауылшаруашылығы экономиканың басты салаларының бірі. Еліміз малшаруашылығын дамыту ісімен белсенді түрде шұғылдануда. Осыған орай ветеринарлық қызметті халықаралық талаптар деңгейінде ұйымдастыруға да үлкен күш жұмсалуда. Адам денсаулығын қорғау бағытында бұл істің маңызы зор. Сондықтан мұндағы денсаулық сақтау қызметі ветеринария дәрігерлерімен бірге халықты қорғай алатындай дәрежеде жұмыс істеуі тиіс. Осы мәселеде соңғы жылдары жақсы нәтижелер бар», деді О.Честнов.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»