Венгрия қазақстандық студенттер үшін грант санын көбейтеді

0

Астана, BAQ.KZ. Венгрия қазақстандық студенттерге бөлінетін грант санын көбейтпек. Бұл туралы Будапештте өткен екінші қазақстандық-венгриялық іскерлік кеңесінің отырысы кезінде айтылды.

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, ресми шарада Астана ТМД елдері арасындағы Будапешттің ең басты серіктесі екені айтылған.

Бұл шараға елімізден Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов барды. Ол Венгрия Республикасы үкіметінің өкілдерімен және елдегі ірі компания басшыларымен кездесулер өткізді. Дөңгелек үстелде қос тараптың өкілдері бірлесе қол жеткізген жетістіктерді айтып, болашаққа жоспар құрды. 2019 жылы Венгрия кәсіпкерлері тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға келеді.

«Венгрия үшін салық және кеден мәселелері өзекті саналады. Біз көліктің көлемін анықтайтын және сонымен жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі кедендік төлемді қадағалайтын цифрлық жүйені қолданысқа енгіздік. Ол көлеңкелі экономикамен күресте үлкен септігін тигізеді. Әрине, бұл тәжірибемізбен қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз» — дейді Венгрияның вице-премьер министрі Михай Варга.

Отырыста атап өтілгендей, Қазақстан ТМД елдері арасында Венгрияның ең маңызды серіктесі саналады. Мысалы, Астана-Будапешт бағытындағы тікелей рейстің арқасында 40 мыңнан астам жолаушы қатынай алады. Ал Венгрия ірі мұнай-газ компанияларының Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқан.

«Венгрия тарапы еліміздің егін шаруашылығы үшін өсімдік тұқымын әкеліп, мал шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жасырмады. Жақын арада ветеринарлық сертификаттар бекітілгеннен кейін, іске кірісетін боламыз» — дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Венгрияның жоғарғы технологиялық және ауыл шаруашылығы компанияларын Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Оның үстіне ресми Будапешт еліміздің транзиттік әлеуетіне қызығушылық танытып отыр.

Кездесу барысында Венгрия тарапы қазақстандық студенттерге бөлінетін грант санын 200-ден 250-ге көтеретін болып шешті.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ