Вашингтон соты ресейлік Мария Бутинаны 18 айға қамады

0

Сәуірдің 26-сы күні Вашингтон соты АҚШ-та Ресей мүддесіне заңсыз лобби жасады деп айыпталған ресейлік Мария Бутинаны 18 айға қамау туралы үкім шығарды.

Бутина «АҚШ-қа зиян келтіру мақсатында ресейлік агенттермен астыртын сөз байласқанын» мойындаған. АҚШ прокуратурасы басында Бутинаға бір жарым жыл жаза сұраған, бірақ кейінірек еліне депортациялауды сұрады.

Сот үкіміне сәйкес, Бутина АҚШ түрмесінде 9 ай жазасын өтейді. Ол жазасының жартысын тергеу амалдары жүріп жатқанда өтеген. Одан соң оны Ресейге депортациялайды. Оның он жыл бойы АҚШ-қа баруына да тыйым салынған.

Сот құжаттарындағы дерекке сәйкес, Бутина Американың тергеу органдарымен әріптестік орнатқаны үшін елінде «қудаланбайтынын” немесе «қысымға ұшырамайтынын» айтқан.

Ресейдегі «Право на оружие» қоғамдық ұйымын басқарған Бутина АҚШ-та 2018 жылы шілде айында ұсталған. АҚШ құқық қорғау органдарының мәліметінше, Бутина Кремль мүддесін қорғау үшін Республикалық партиядағы негізгі демеушілерге ықпал етпек болған.

Оқи отырыңыз: АҚШ айып таққан Мария Бутинаның ісі

Azattyq