ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ АРТСА , ҰРПАҚ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНАДЫ

0
137

Қазіргі қоғамда кімнің  жалақасы қомақты, қолында құзіреті бар, соның мәртебесі биік, мерейі үстем. Біз бүгінде мұғалімнің мәртебесін қалай арттырамыз деген мәселеге көңіл аудардық. Оған Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы арқау болды. Осыған дейін ұстаздар қауымының жүктемесін арттырып, оларды барлық жұмысқа жегіп келдік. Қоғамдық жұмыстардың басында осы педагогтар жүрді. Енді олардың мәртебесін қалай арттыруға болатынына біз де ойымызды айтып көрсек.

Мемлекетіміз жас болғандықтан, әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, дамыған елдердің ұстанымына көз жүгіртетініміз анық. Бұл жолы да осы амалды қолдансақ болады. Бүгінгі қоғамда кімнің мәртебеcі мен зор құрметке ие екенін жоғарыда айттық. Ал бізде ұстаздардың еңбекақысы жасаған еңбегіне татымайтыны жиі айтылып келеді. Басқа елдерде қалай? Мәселен, шетелде сараланған мынадай жүйе бар. Ұстаздың сабақ беру, мектепте болу уақыты, жалпы жұмыс істейтін үш түрлі уақыты бар. Мектепте болу мен жалпы жұмыс жасайтын уақытта оның сабаққа дайындалуы, дәптер тексеруі, емти­хандарға, олимпиадаларға дайын­дауы, ата-аналармен жиналыс өткізуі, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыс­тар­ға қатысуы, оқушыға жетекшілік етуі, барлығы есепке кіреді. Ақы төленеді.
Бізде мұғалімнің тек сабаққа кіру сағаты ғана есепке алынған. Оның сабақ­қа дайындалуы, үй жұмысын тексеруі, емтихан мен ҰБТ-ға дайындауы, сынып жетекшінің сыныппен бірлесе іс-шара­лар­ға дайындалуы, апталықтар мен ашық сабақтарға әзірлігі, ата-аналармен жина­лыс өткізуі, үй-үйді аралап рейд жасауы, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыстарға қатысуы, олимпиадаға дайындауы, ғылыми-педагогикалық жұмыс­пен айналысуы, мұғалім портфо­лиосын жинақтауы, күнделікті білімін жетілдіру сынды миға салмақ салар шаруасына кеткен уақыт есепке алын­бай­ды. Бұдан бөлек олар жергілікті әкім­дік­тің тапсырмасымен сенбілік жұмыс­тар­ға қатысып, іс-шаралардың ұйым­дас­ты­рушысы, қатысушысы болуы керек.
Сайлау уақытында үй-үйді аралап, санақ жүргізетіндер де – ұстаздар қауы­мы. Осы қыруар жұмысы үшін мұға­лі­м­нің алатын жалақысы мүлдем сай емес.
Мәртебені көтеру тек жалақыны өсірумен ғана жүзеге асатын шаруа емес. Сондықтан педагог боламын деушілерге қатысты талапты да күшейткен абзал. Қазіргі таңда халық арасында «тым бол­ма­ғанда мұғалім боларсың» деген пікір қалыптасқан. Яғни, біз бұл маман­дық­қа баратындардың дені – мектептегі сабақ үлгерімі төмен болғандықтан, ақылы негізде оқуға мәжбүр тұлғалар. Ендеше, ұстаз боламын деушілер үшін тек мемл­екеттік грант негізінде ғана оқуға рұқ­сат ету керек. Ол үшін үміткердің мек­тептегі сіңірген білімі жеткілікті деңгейде болуы шарт.
Педагогты жұмысқа қабылдарда да талаптың тым қатал болғаны дұрыс. Мәселен, Оңтүстік Корея мемлекетінде отбасымен ажырасқан тұлғалардың ұстаз болуға ешқандай хақысы жоқ. Отбасы­ның дұрыс болмауы бала тәрбиесіне де айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз ғой. Сол сияқты біздің елде де жұмысқа қабыл­да­нып жатқан уақытта жеке басына, отба­сына қатысты талап қоя білгеніміз жөн. Өйткені ұстаз болу – бүкіл ұрпаққа, ұлт­қа жауапты болу деген сөз.
Қазіргі таңда ұстаздар қауымының көпшілігі ер азаматтардан құралуы тиіс дегенді де жиі айтып жүрміз. Әрине, бала тәрбиесінде ер азаматтың алар орны ерекше. Демек, бұл ұсынысты да қарас­тыруға болады. Жалпы айтқанда, Елбасы Жолдауынан бастау алған осы мәселені шешуде жан-жақты пікірлерді әбден саралау қажет. Себебі, ұрпақтың мәртебесін арттыра алсақ, ұрпақтың жұл­дызы жанатынына елдің де, Елбасы­ның да сенімі кәміл.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
Қызылорда облысы

Дереккөз: Айқын