Ұшақ апатынан зардап шеккендер жақында ауруханадан шығады

0

Алматы маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен 30 адам жақын уақытта ауруханадан шығарылады. Олардың жағдайы қалыпты. Бұл туралы бүгін, 6 қаңтарда Нұр-Сұлтанда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішев мәлімдеді.

— Қазір барлық науқастың жағдайы жақсарып келеді. Ешбірінің жағдайы нашарлаған жоқ. Олар жақында ауруханадан шығады, — деді вице-министр.

Апат болған күні Алматы ауруханаларына 69 адам жеткізілген, оның ішінде тоғыз бала болған.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.

Ішкі істер министрлігі қазір ұшақ апатына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

30 желтоқсанда Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының «техникалық жағдайы жақсы болған» деді. Компания басшылығы «Fokker-100″ ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus-321 ұшағының ілеспе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін» деген болжам айтқан.

Бірақ «Қазаэронавигация» мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин Bek Air компаниясы өкілінің «Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына өзге ұшақтың әуе толқыны әсер еткен болуы мүмкін деген сөзі шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Ұшақ апатының себебі анықталғанға дейін Bek Air әуе компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.

Azattyq