2019 жылы Орталық Азияны толғандырған негізгі төрт мәселе

0
106

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚЫТАЙДЫҢ САЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯСЫ

Желтоқсанның 25-іне Қазақстанның Алматы облысында аудандық сот ғимараты маңына жиналған жұрт шартты түрде сотталған бес жігіттің бостандыққа шыққанына ерекше қуанды. Қазақстанның бес азаматы қазанда жол құрылысына қатысып жатқан Қытай азаматтарымен төбелесте «бұзақылық жасады» деп айыпталған. Сол оқиғадан бірнеше Қытай азаматы жарақат алған еді.

Оларға үш жылға дейін бостандығынан айырылу қаупі төнген. Осыдан бірер жыл бұрын бұл азаматтар осы жазаны арқалап кетер ме еді? Бұл жолы бәрі басқаша.

2019 жыл аңғартқандай, Орталық Азияның Қытайға деген көзқарасы өзгеріп келеді.

Соңғы 20 жылда Орталық Азия халқының көбі Қытайды жұмыс орны мен ақшамен жарылқаушы деп санап келді. Қытай Қазақстанмен арадағы алғашқы келісімге 1997 жылы қол қойған, соның арқасында Қазақстанның батысындағы мұнай құбыр арқылы Қытайға тартылған. Содан бері Пекин тек Қазақстанмен ғана емес, Орталық Азияның басқа төрт елімен де түрлі келісімдер жасасты.

2008 жылы жаһанды қаржы дағдарысы шарпығанда қолма-қол ақшасы көп алып Қытай энергетика ресурстарына бай аймаққа инвестиция салуға құлшына кірісті, бұл Пекиннің экономикалық экспансиясына жол ашты.

Chatham House сарапшысы Джеймс Никси 2010 жылы Азаттыққа берген сұхбатында «Қытай Орталық Азияны көмірсутегін өндіретін карьер деп санайды» деген еді. 2011 жылы қаңтарда Қытай генералы Лю Ячжоу «Орталық Азия – тәңірі Қытайға сыйға тартқан майшелпектің ең ірі бөлігі» деп бұл пікірдің растығын қуаттаған.

Бұл майшелпекке қол жеткізу үшін Қытай Орталық Азияға қомақты инвестиция салуға тиіс болды, оның басым бөлігі – несие, аймақтағы үкіметтердің біразына оны қайтару қиынға соғуы мүмкін. Оның үстіне, Орталық Азиядағы қытай жұмысшыларының мәселесі тағы бар.

Орталық Азияның Қытаймен қарым-қатынас тарихының тамыры тереңде. Алайда, бұл аймақ Совет одағының құрамында болған 20 ғасырдың көп бөлігінде шекара тас бітеу болғандықтан, еш байланыс болмады. Сондықтан, мыңдаған қытай азаматының жұмыс істеуге келуі басып кіру сияқты көрінетіні орынды.

Қытайдың өзі шектесетін үш ел – Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен шекараларды қайта қарағанын, үш елдің де Қытайға жер бергенін ескерсек, аймақта қытайлардың көбеюі «Пекин шекарасын әрі қарай да кеңейте беруі мүмкін» деген ойға жетелейді.

Қазақстанда 2016 жылдың сәуір-мамырында болған наразылыққа «қытайлар қазақ жерін жаппай сатып алады» деген қаңқу сөз түрткі болған.

Қазан айында Қазақстанда болған жол салушы қытайлармен арадағы қақтығыс – аймақта жергілікті тұрғындар мен қытайлар арасында былтыр болған ең үлкен шиеленіс емес.

Тамыздың басында Қырғызстанның солтүстігіндегі Нарын облысының бірнеше жүз тұрғыны «Чжун Ци» кен өндіру компаниясында істейтін қытай жұмысшыларына тарпа бас салған. Оқиғадан 47 қытай жұмысшысы жарақат алған.

Орталық Азияның Қытай алдындағы берешегі де халықты көп толғандыратын мәселелердің бірі. Бұл әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстан үшін өзекті болып отыр. Қырғызстанның сыртқы қарызының жартысына жуығы, Тәжікстанның сыртқы қарызының 35 пайыздайы – Қытай алдындағы берешек.

Ал Қырғызстанда бұл тақырып тіпті ерекше мәнге ие болды, себебі ел астанасы – Бішкекті жылумен қамтамасыз ететін жылу электр станциясын жөндеуден өткізу жобасы құрдымға кетті. Қытай бұл жобаға 386 миллион доллар бөлген, бірақ 2018 жылдың қаңтарында жұмысы басталғанына бірер ай ғана болған ЖЭС істен шықты. Тергеу барысында инвестиция ретінде құйылған қаржының 100 миллионы қолды болғаны анықталды. Қырғызстан қарыздың орнын жабу үшін 493 миллион доллар төлеуі керек.

Ал Тәжікстанға келсек, Қытай Эксимбанкі Душанбеде жылу электр станциясын салуға 331 миллион доллар несие бөлген. Қарашада жарық көрген есепке сенсек, Тәжікстан сол несиенің өтемі ретінде Қытай компанияларына екі алтын кенішін игеру құқығын берген. Ондағы алтын қоры 64 тонна деген болжам бар.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ «ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ ЛАГЕРЛЕРІ»

Қытайдың батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық аймағында тұратын мұсылмандарға қатысты саясаты Пекинге деген наразылықты одан сайын өршітіп жіберді, бұл әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанда ерекше байқалады. 1 миллионға жуық мұсылман қамалды деген ақпарат Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерін тығырыққа тіреп отыр.

Қытай құқық қорғау органдары түркітектес мұсылман халық – ұйғырларды қыса бастағанда қазақ және қырғыз үкіметтері үндемей құтылған. Кейін Шыңжаңнан Қазақстан мен Қырғызстанға көшіп, сол елдердің азаматтығын алған қазақтар мен қырғыздар Қытайға барған жерлерінде ұсталып, «қайта тәрбиелеу лагерлеріне» қамала бастаған соң Пекиннің адам шошытарлық әрекеттері туралы әңгіме әлемге тарады.

Қырғызстанда Қытайға деген наразылық өршіп бара жатқанына қарамастан, президент Сооронбай Жээнбеков 2019 жылы «осы мәселенің кесірінен Пекинмен арадағы қарым-қатынасты нашарлатуға жол бермеймін» деп бірнеше рет айтты. Қазақстанды 27 жылдан астам уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында президенттіктен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдыратынын мәлімдегенде оппозиция бірден өре түрегелді.

Жастар топтары мен оппозициялық ұйымдар биліктің қолдан қолға тапсырылуын сынға алды, кейіннен олардың талаптарының қатарына Қытаймен қарым-қатынастың ауанын өзгертіп, Шыңжаң мәселесі бойынша Пекинге көзсіз мойынсұнбау жайы да қосылды.

Шыңжаңнан Қазақстанға қашып жатқан қазақтар онша көп емес, бірақ олардың саны артып келеді, көпшілігі өздері не жақын туыстары «қайта тәрбиелеу лагерінде» басынан кешкен сұмдық жағдайлар туралы айтып жүр. Пекин ондай адамдарды экстрадициялауды талап етіп отыр, мұның өзі Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстан үкіметін тығырыққа тіреді.

Қазақстан үкіметі халықтың Қытайға деген наразылығын ерекше сезініп отыр. Жұрттың көбі «басшылар Қытай ақшасының арқасында байып жатыр, мұсылмандардың мәдениетін жоюға тырысып жатқан елдің алдындағы қарызды болашақ ұрпақтар өтемек пе?» деп билікке қарсылық білдіріп жатқандар басқа елдерде де көп.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТӨНГЕН ТЕРРОР ҚАУПІ

Тәуелсіздік алған 1990 жылдардан бері Орталық Азия елдеріне терроризм қаупі төніп тұр. Ауғанстанмен арада 2 мың километрге созылған ортақ шекара бар. Онда соғыс тоқтамайынша, Орталық Азияның өз ішінде де, сыртта да аймаққа төніп тұрған терроризм қаупі туралы әңгіме толастамасы анық.

2019 жылы аймақта террорлық шабуыл болған жоқ. Қарашаның 6-сы Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы ауған шекарасына жақын маңдағы Ишкобод шекара бекетіне жасалған шабуыл туралы ақпаратты бұл санатқа қосу-қоспау өз еркіңіз. Себебі, тәжік үкіметі таратқан бұл ақпараттың сенімсіз тұстары көп.

Тәжікстанның ресми органдарының айтуынша, «Ислам мемлекеті» (ИМ) терроршыл тобының жасағы Ауғанстанның Құндыз аймағынан террорлық шабуыл жасау үшін Тәжікстанға әдейі басып кірген. Артынша ИМ бұл шабуылға жауапкершілікті мойнына алды. Оқиға кезінде Тәжікстанның бір полиция қызметкері мен бір шекара қызметінің өкілі және шабуыл жасаған 20 содырдың 15-і қаза тапты (кейінгі мәліметтерде тағы бес шекара күзетшісі оққа ұшты деген дерек бар).

Тәжікстан ішкі істер министрлігі шабуыл жасалған шекара бекетінде түсірілген деп таратқан сурет. 6 қараша 2019 жыл.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі шабуыл жасалған шекара бекетінде түсірілген деп таратқан сурет. 6 қараша 2019 жыл.

Кейін шабуылшылар арасында әйелдер мен балалар болыпты деген ақпарат тарағанда бұл оқиғаның ИМ-ге қатыстылығына күмән келтіруге негіз болды.

Шекараның ар жағындағы әр тастың тасасынан террорист көруге дағдыланған көп жұрт үшін оқиғаның тәжік үкіметі ұсынған нұсқасы сол үрейдің растығын дәлелдегендей болды. Ал бұл Ресей мен Қытайдың қандай жолмен болса да өз «көмегін» ұсынуына жақсы мүмкіндік әперді.

Пекин Тәжікстанның Қытай мен ауған шекарасына жақын маңдағы таулы ауданында әскери база салыпты деген 2019 жылғы ақпанда тараған ақпарат Орталық Азиядағы қауіпсіздік тақырыбындағы басты жаңалықтардың бірі болды.

Тәжік шекара қызметі өкілдерімен ынтымақтасып, кей кездері ауған жеріне рейд жүргізіп жүрген Қытай шекарашылары және есірткімен күрес қызметкерлері туралы ақпарат он жылдан бері анда-санда тарап келеді. Дегенмен Washington Post басылымында жарық көрген мақала Қытайдың Тәжікстанда әскери базасы бар екенін, оның үш-төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын растаған алғашқы дерек болды.

Қытайдың да, Тәжікстанның да үкіметтері әскери базаның бар екенін мойындаған жоқ. Бірақ Қытай қарулы күштері сарбаздарының Тәжікстандағы базадан сәл оңтүстікке қарай, Ауғанстанның Уахан аймағында жүргені туралы репортаж жарық көрді.

Қытай экстремистік топтарға қосылу үшін Таяу Шығыстағы соғыс аймағына кеткен ұйғырлар Ауғанстан, Қытай және Тәжікстан шекаралары түйісетін таулы жер арқылы Шыңжаң ауданына кіріп кете ме деп қауіптенеді.

Осы қауіптің негізінде Қытай Ауғанстан, Пәкістан және Тәжікстанмен бірігіп, 2016 жылы жаңа қауіпсіздік тобын құрды. Орталық Азия аймағын террористерді өз аумағына өтуден сақтайтын бекініс ретінде қарастыратын Пекин аймақтағы әр елге терромен күрестің әдістерін үйретуге құлшынып отыр.

Ресейдің де Орталық Азияға қатысты ұстанымы осындай.

Ресей үкіметі мен оның әскери басшылары былтыр жыл бойы Ауғанстаннан келетін содырлардың қаупін айтып, Орталық Азия мемлекеттерін қорқытып келді.

Ресейдің Ауғанстандағы елшісі Александр Мантыцкий былтыр ақпанда «Орталық Азияға өтетін өткел ретінде пайдалану үшін [ИМ] елдің солтүстігінде, соның ішінде Түрікменстан мен Тәжікстанмен шекарада әрекет ететін жасағының санын арттыруға тырысады» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Ауғанстанда 3500-ден 10 мыңға дейін ИМ содыры жүр. 2019 жылғы желтоқсанда Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев ИМ тобы Ауғанстанның солтүстігін Тәжікстан мен Түрікменстанға шабуыл жасайтын бекініс ретінде пайдалануға дайындалып жатыр деген.

Мантыцкий мен Патрушев мәлімдемелерінің арасында Ресейдің ресми органдары осыған ұқсас оншақты үрейлі пікір айтты, сонымен бірге Ресейдің ресми өкілдері, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) өкілдері Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шекарасын нығайтуға уәде берумен болды. Оның үстіне, қазір Тәжікстанда Ресейдің 201 әскери дивизиясы орын тепкені белгілі.

Аумағында Ресей әскери базасы орналасқан ҰҚШҰ-ға мүше және бір ел – Қырғызстанды да Ресей жыл бойы үрейлендіріп, оған көмектесетіні туралы уәде беріп келді.

АҚШ бастаған мемлекеттер Ауғанстандағы әскери күштерін алып кетуге күш салып жатқан қазіргі кезде Орталық Азия елдері ИМ тобының Ауғанстаннан келетін шын яки ойдан шығарылған қаупінен сақтану үшін Ресей мен Қытайға жақындай түсері анық.

ЖЫМИЫҢЫЗ, СІЗДІ ЖАСЫРЫН КАМЕРА ТҮСІРІП ТҰР!

2019 жылдың қазан айынан Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары жолақыны жаңа технологияның көмегімен төлейтін болды. Бұл көп жұртқа ұнай қоймады. Қалада қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар FacePay компаниясына тіркелу арқылы жолақыны қолма-қол ақшамен не картамен емес бет-жүзін көрсету арқылы төлей алады.

FacePay «қолма-қол ақшаның керегі жоқ, әрі төлем жасау жеңіл» деп өз қызметінің жақсы жағын жарнамалады. Ал кейбіреулер «бұл – азаматтардың жүріп-тұруын бақылау жолындағы бірінші қадам» деп санайды.

Адамды бет-әлпетінен танитын камера бүкіл әлемде бір-біріне кереғар пікір тудырып жатыр. Оның үстіне бұл жүйені жасап шығарған Қытай онысын өз азаматтарының, соның ішінде Шыңжаң тұрғындарының жүріс-тұрысын бақылау үшін пайдаланып келеді. Нұр-Сұлтанда пайдаланылатын жүйені Қытайдың HikVision компаниясы әзірлеген. АҚШ үкіметі Шыңжаңда мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деген күдікпен бұл компанияны қара тізімге енгізген.

Қазақстанның өзі де кісіні бет-жүзінен танитын технологияны жасап жатыр. Жол қозғалысын бақылайтын «Сергек» видеобақылау жүйесі Нұр-Сұлтанда 2018 жылдан бері жұмыс істейді.

Десе де, «Сергекті» құрастыруға АҚШ-тың қара тізіміне енген Қытайдың Dahua Technology компаниясының жабдықтары қолданылады. Дегенмен, кісіні бет-әлпетінен тану және видеобақылау жүйелері тек Қазақстанды ғана толғандырып отырған жоқ.

Қарашада Foreign Policy журналында жарық көрген мақалада «Қырғызстан ел астанасы Бішкекте кісіні бет-жүзінен танитын камералар орнатылған басқару орталығын ашты» делінген. Сол репортажға сенсек, бұл технологияны «АҚШ-та санкция салынған Қытай ұлттық электроника импорттау және экспорттау компаниясы тегін орнатып берген».

Тәжікстан мен Өзбекстандағы «смарт сити» жобалары да кісіні бет-жүзінен тану және видеобақылау жүйелерін орнатуды көздейді.

Қытайдың Hikvision компаниясының Пекиндегі бақылау камерасы. Көрнекі сурет.

Қытайдың Hikvision компаниясының Пекиндегі бақылау камерасы. Көрнекі сурет.

Бұл тақырыптағы репортаждарда Түрікменстан туралы көп айтылмайды. Дегенмен, Ашғабаттағы үкіметтің интернет қауіпсіздігін бұрыннан жіті бақылайтынын ескерсек, олар қару-жарақ пен әскери техника алғаны сияқты Қытайдан мұндай жаңа технологияны да алдырған болуы әбден мүмкін.

PONARS Eurasia-да қыркүйекте шыққан мақалада «бұл жүйелер урбанизация жылдамдығына жауап ретінде үлкен сұранысқа ие болған, қаладағы өмірді жақсартуға бағытталған «ақылды қала», «қауіпсіз қала» концепцияларының бір бөлігі, бірақ оны адамдарды және қоғамдық орындарды авторитарлы әдістермен бақылау құралы ретінде пайдалануға да болады» делінген.

ИНТЕРНЕТ БОСТАНДЫҒЫНЫҢ ШЕГІ БАР МА?

Интернетті бақылау – Орталық Азия үкіметтерінің 2019 жылғы ең басты мәселесі болды. Жағымсыз мақала я ақпаратқа тосқауыл қоюдың Түрікменстан тапқан қарапайым жолы – барлығын дерлік бұғаттау. Бұл жағынан Тәжікстан да түрікмендерден қалысып жатқан жоқ.

Бірақ 2019 жылы Қазақстан мен Өзбекстанның жүргізген саясаты әртүрлі себеппен ерекше назарға ілікті. Жоғарыда айтылғанындай, президенттердің ресми түрде ауысуы Қазақстанда кей адамдардың наразылық білдіруге деген құлшынысын оятты.

Бұл өзгеріс Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының лидері, қазір шетелде тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовты жұртты үкіметке қарсы бас көтеруге шақыру үшін әлеуметтік желіні пайдалануға итермеледі.

Билікті тапсыру жоспарын жүзеге асыруға қауіп төнеді деп қорыққан Қазақстан басшылығы жоспарланған шеруді бастауы мүмкін деген жетекшілерді алдын ала қамауға алып, кейбір вебсайттарды бұғаттады және демонстрация қарсаңында және ол өтіп жатқан кезде интернет жылдамдығын баяулатты.

Жеңіс мерекесі күні полиция арнайы жасағының жанында тұрған қарт адам. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Жеңіс мерекесі күні полиция арнайы жасағының жанында тұрған қарт адам. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Наразылық шаралары Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті атап өтетін күн – 9 мамырға белгіленді. Сол күні Азаттықтың Қазақ қызметінің вебсайты және Vlast.kz, Holanews.kz, Informburo.kz, Exclusive.kz, Time.kz сияқты жергілікті ақпараттық сайттар ашылмай қалды.

Интернет бостандығын бақылайтын NetBlocks.org сайты сол күні Қазақстанда Facebook, Instagram, YouTube, Telegram және қарсы пікір жазуға мүмкіндік беретін басқа да сайттардың бұғатталғанын хабарлады.

Қазақстанның ақпарат министрі Дәурен Абаев интернеттегі проблемаларға өзі басқаратын мекеменің еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Дегенмен NetBlocks.org сайтының хабарлауынша, «Қазақстанда президент сайлауы өткен 9 маусымда онлайн пікір білдіру қызметтері бұғатталып, кейде тіпті Интернет мүлде өшірілген». Сонымен бірге «Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкетте демонстрациялар кезінде журналистер мен саяси белсенділерді қамап жатқанда да сайттар бұғатталған».

Бұл жағдай наразылық шерулері жоспарланған күндері бірнеше рет қайталанған. Сондықтан да қолданушылардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берген мемлекеттік Qaznet Trust Network-те тіркелу туралы шілде айында жасалған ұсынысқа біраз жұрт күдікпен қарады.

2016 жылдың соңында өткен президент сайлауында Шавкат Мирзияев мемлекет басшысы болып сайланғалы үкімет елді инвестиция мен туризм үшін қолайлы елге айналдыратын оң өзгерістерді қолға алып жатырмыз деп келеді.

Мамырдың 9 мамыр – жеңіс күні Қазақстан вебсайттарды бұғаттаса, Өзбекстан керісінше, «Шекарасыз тілшілер» ұйымы «ұзақ уақыттан бері цензураға ұшырап келген» деп сипаттаған ондаған сайтты қайта ашты.

2019 жылдың соңына қарай бұрын бұғатталып тұрған сайттардың көбі ашық болды, тек Азаттықтың Өзбек қызметінің вебсайты әлі күнге ашылмайды.

Azattyq