«Үш ай жалғыз болдым»: Нұрболат Абдуллиннің жары күйеуін қатты қызғанғанын айтты (видео)

0

Нұрболат Абдуллиннің жары Гүлфарида Жұбаева әншіні отбасының алғашқы жылдары қызғанғанын жасырмай айтып берді. Оның айтуынша, әнші үйленгеніне екі күн өткенде түсірілімге кетіп қалған, деп жазады «Жақсы адамдарым» бағдарламасына сілтеме жасаған Kznews.kz тілшісі.

Бағдарлама жүргізуші Гүлфаридадан «Танымал адамның жары болу екі есе жауапкершілік қой. Миллиондаған табынушылар, жақсы көретін қыздар күні бүгінге дейін мазасын алатын шығар. Осы жағдайда «қызғанбайсыз ба?» деп сұрау артық шығар. Сүйген адам қалай қызғанбайды? Сол жағдайды қалай жеңесің?», — деп сұрады. Ал әншінің жұбайы алғашында қызғанғанын жасырмады. «Басында барынша қызғандым. Жасырған жоқпын. Мінезіммен де, сөзіммен де айтатынмын. Бір ол (Нұрболат — ред) үнемі «Сен түсінесің ғой. Сен ол ортаны көрдің. Ол өнер болғаннан кейін жүріп жасайсың. Оны үйде отырып жасай алмайсың. Сенім болу керек» дейтін. Бірден ұққан жоқпын. Біз біраз уақыт бірге болғаннан кейін оны танып қойғанмын. Қанша жерден айтып тұрсам да, түбін өзім сезіп тұрамын. Сосын өзім тыныштала қоямын», — деп күлді ол.

«Біз қалай үйлендік, солай Нұрболаттың ең бірінші хит әні де шықты. Нұрболаттың актер ретінде танылуы да сол жылы болды. Біз 5 тамыз күні үйленсек, ол 7 тамыз күні кетіп қалды. Кастингтен өтіп, бір ауылға түсірілімге кетті. Мен үш ай жалғыз болдым. Актерлік қырынан да сол кезде танылды. Әншіліктен бөлек актерліктен де қызғануға тура келді. Өйткені ол жерде рөл болады. Иммитация деп құтылады», — деді Нұрболат Абдуллиннің жары.