Ұрылардың бас архитекторы Назарбаевқа тексеріс жүргізу керек! — Рысбек Сәрсенбай (ВИДЕО)
«Елге қайратылған қаражаттың бәрі қоғамның бақылауында болатын ашық қорға жинақталуы тиіс. Ұрылардың, жемқорлардың билік жүйесін құрған бас архитектор Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен бастап бірде-бір туысқанын қалдырмай, тексеру жүргізу керек! Бұл тексеру ашық жария болуы керек». Бұл пікірді белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай Adyrna.kz ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев, Гүлмира Сатыбалды дегендерден жалпы жиынтығы 277 млрд теңге, яғни 615 млн доллар қаражаттың кері қайтарылғаны шын болса, оны растайтын құжатты билік жария етуі тиіс. Онсыз әлдебір қойылым деп есептеуге, сенімсіздік білдіруге қоғамның толық хақысы бар. Назарбаевтың мемлекет қазынасын тонаған тойымсыз туыстарының екі-үшеуін шала құстырып, қалғандарының қалтасында қалдыру әрекетіне жол берілмеу керек. Бұлардың бәрі де халықтың несібесін млрдтаған теңгемен емес млрдтаған доллармен қымқырғандар, қарпығандар… Сондықтан бұл жерде «млрдтаған теңге қайтарылды» деп алдауға болмайды. Мұны қажет болса «млрдтаған доллармен» есептесін. Сол бағамен халыққа жария етсін!», — дейді саясаткер.
Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, елге қайтарылған қаражаттың бәрі қоғамның бақылауында болатын ашық қорға жинақталуы тиіс.
«Сол қор арқылы бөлініп, қай қаражат қанша көлемде қайда жұмсалды? Жұртшылыққа есеп беріліп отыруы қажет. Мінекей, сондай жағдайда ғана біз қайтарылған қаражаттың тағы да екінші рет басқа бір жемқорлардың қалтасына түсіп кетпеуіне тосқауыл қоя алатын боламыз. Ұрылардың, жемқорлардың билік жүйесін құрған бас архитектор Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен бастап бірде-бір туысқанын қалдырмай, тексеру жүргізу керек! Бұл тексеру ашық жария болуы керек! Осы орайда қоғам тарапынан құрылып, жұмыс істеп жатқан қоғамдық қор бар. Сондай-ақ шетелдегі осы іспен айналысып шетке Қазақстаннан заңсыз аударылған ұрланған қаражаттардың соңына түскен іздеушілер бар. Міне, солардың бәрі Қазақстан ішіндегі ынталы топтармен, журналистік зерттеулермен тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, осы қаражаттарды жинақтауы керек», — дейді Рысбек Сәрсенбай.
Зарина ӘШІРБЕК