Үндістанда вирустан көз жұмғандардың денесі өзенге тасталып жатыр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістанда шыққан коронавирустың жаңа штымын қауіпті деп танып, індеттің ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандардың айтуынша, аурудың бұл түрі өзгелерге қарағанда тез тарайды.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:
— Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, вирустың бұл штамы өзгелерге қарағанда қауіптірек. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Алайда оның жаһандық деңгейде халыққа қауіпті екеніне сеніммен айта аламыз.
Үндістанның өзінде коронавирус індетінің ушығуы шарықтау шегінде тұр. Аймақта тіркелген өлім-жітім көрсеткіші күн өткен сайын артып барады. БАҚ өкілдері «көз жұмғандардың саны ресми статистикадан бірнеше есеге артық» дейді. Мамандар мәйіттерді кремациялауға үлгермей жатыр.
Соңғы кездері елдің солтүстігіндегі Ганга өзенінің жағалауында қаза тапқан жүздеген адамның мәйіті табылып жатыр. Жергілікті тұрғындар аймақтағы жағымсыз иіске шағымдана бастады. Кремацияның бағасы қымбат болғандықтан халық марқұмдардың денесін өзенге тастай берген көрінеді. Жергілікті билік болса, мәйіттердің денесі тиісті түрде кремацияланып, жерленетініне уәде беріп отыр.
Мангла Прасад Сингх, Газипур қаласының билік өкілі:
— Жуырда Ганга өзеніндегі жағдай жайында хабардар болдық. Оқиғаға қатысты полиция тергеу ісін бастап кетті. Мәйіттердің нақты саны анықталып жатыр. Толық ақпаратты алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.