Ұлын ұрлап, Түркияға алып кеткен: Қазақстандық әйел түрік күйеуінен баласын ала алмай жүр

0

Қазақстандық әйел түрік күйеуімен ажырасқан соң, балаға қамқорлық анасына берілген. Алайда күйеуі осыған қарамастан баласын ұрлап, Түркияға алып кеткен. Не істерін білмей дал болған әйел Виолетта Стамбұлға ұшып келген. Бұл туралы kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлын көрмегеніне 40 күн болған Виолетта Түркия үкіметіне өтініш жасаған.

«Бұрынғы күйеуім Эндер Юрдагүл ұлымды алып қашты. Осы уақыттан бері ұлымды қалай қайтарамын деген оймен ғана өмір сүріп жүрмін», – дейді Виолетта түркиялық арналардың біріне берген сұхбатында.

Бірнеше уақыт бұрын физикалық және моралды тұрғыдағы қысымға шыдамаған әйел ажырасуға бел буады.

Анасы енді күйеуі алып қашқан үш жасар ұлын іздестіріп жатыр.

«Мен анамын. Ұлымсыз өмір сүре алмаймын», – дейді әйел.

«Қазіргі уақытта бізде Түркия және Қазақстан сотының шешімі бар. Ол бойынша қамқорлық маған берілген. Алайда әкесі сот шешімін мойындамай тұр. Ол үйге кіріп, оның төлқұжатын алып кетті», – дейді Виолетта.

Анасының айтуынша, әкесі баласына порнографиялық видеоларды қосып қоятын болған. Ал Инстаграм парақшасында ол өзін «шайтанмын» деп жазып қойыпты. Осы орайда анасы ұлының бұрынғы күйеуімен бірге жүруі қауіпті деп санайды.

Виолеттаның қазақстандық адвокаты Құндыз Оспан ер адам барлығын мұқият жоспарлағанын айтады.

«Виолеттаның пәтерінен баланың төлқұжаты мен туу туралы куәлігін алдын ала ұрлаған. Тұпнұсқа төлқұжаттың орнына ол Виолетта білмей қалуы үшін жалған құжат қалдырған. Содан кейін ол баланы бір түнге өзіне алып кеткен, 30 қазан күні таңертең анасының рұқсатынсыз оны Түркияға тұрақты тұруға алып қашқан.

Біз баланы Қазақстанға қайтарумен айналысып жатырмыз. 14 желтоқсанда баланың Қазақстандағы тұрғылықты жерін анықтау бойынша сот өтеді», – деді адвокат.