«Ұлыбританиядағы Қазақстан аруы» атанған Сымбаттың өлімі көпшіліктің ызасын тудырды

Полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғады

0
24883

Қазан айында БАҚ өкілдері елордалық тұрғын Сымбат Құлжағарова туралы жарыса жазды. Үнемі соққының астына алатын күйеуінен заңды түрде ажырасып, тыныштық тапқысы келген Сымбат ата-енесі күштеп тартып алып, көрсетпей қойған 2 баласына құзырлы органдардың араласуымен әрең қол жеткізді. Психикалық ауруханаға күштеп жатқызған жолдасымен күресіп, өзінің 100 пайыз дені сау екенін дәлелдеді. Жұмысқа орналасып, балаларын өсіріп жеткізгісі келді. Алайда, бүгін Сымбаттың балконнан секіріп, қаза тапқаны хабарланды.

Кейінірек Сымбаттың өлімі туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті өкілдері де растады.

«10 желтоқсанда сағат 02.50-де полицияға әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Тұрғын үйдің қабаттарын аралау кезінде, 11-ші техникалық қабатта, парапетте ізі табылды. Бұл секірген жері. «Алматы» аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, сараптамалар тағайындалды және барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлайды елордалық ПД баспасөз қызметі.

Azattyq Rýhy тілшісі осы қайғылы оқиғаның мән-жайын білу үшін әлеуметтік желіде Сымбаттың қазасы туралы хабарды көпшілікке жеткізген «Жас Конгресс» қайырымдылық бағытының жетекшісі Перизат Қайратпен тілдесті.

«Қалай айтарымды да білмеймін. Сымбат түнде қайтыс болды. Балконнан секіріп кетіпті. Сене алар емеспін. Оны осы өлімге жеткізді», – дейді Перизат.

Перизатқа қаралы хабарлы Сымбаттың туған сіңлісі Гүлбану естірткен.

«Мен Сымбатпен кеше кешке ғана сөйлестім. Көңіл күйі жақсы еді, сұлулық салонына барып келді, ертесіне кездесуіміз керек болатын. Ол елордаға 2-3 күн бұрын Ақтау қаласынан келді. Күйеуінің берген шағымы бойынша наркологиялық және психикалық тексеруден өтуі тиіс. Жақында ғана тексеруден өтті, 100 пайыз дені сау деген құжаты бар. Жалпы, көпшіліктің айтуынша, күйеуі өте бай отбасынан шыққан. Ол бәрін ақшамен шешетін. Сымбат ажырасуға өтініш берді, одан кейін ұрып-соққаны үшін арызданды. Бірақ Сымбаттың сотқа берген шағымдары қаралмай, кейінге қалдырыла берді. Ал, күйеуінің жазған шағымы тез қаралып отырды», – деген Перизат бұл істе әділетсіздік болғанын айтты.

Перизаттың айтуынша, Сымбатқа жолдасы үнемі хабарласып, мазасын алып отырған. Тіпті, марқұм қайғылы оқиға болар күннің алдында жолдасының үнемі қорқытатынын айтып шағымданған. Бұл туралы Сымбаттың әлеуметтік желіде қалдырған жазбалары да бар.

Скрин: Сымбаттың әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы

Azattyq Rýhy тілшісі Сымбаттың сіңлісі Гүлбанумен де сөйлесті. Отбасымен Дубайда тұратын Гүлбану Құлжағарова әзірге не айтарын білмеді.

«Сымбат маған «Сенде болсыншы» деп тек осыны жіберді. Сымбатта күйеуі кез келген уақытта келіп, бірдеңе істеп қояды ма деген қорқыныш болды», – деді Гүлбану.

Гүлбану Құлжағарова Сымбатпен соңғы рет сөйлескенде жіберген аудио-хабарласымен бөлісті. Бұл аудио-хабарламаларда марқұмның жолдасы балағат сөздер айтып, қорқытқан.

Еске салайық, қазан айында БАҚ беттерінде Нұр-Сұлтан тұрғыны Сымбат Құлжағарованың 2 ай бойы  балаларына жете алмай отырғаны туралы ақпарат жарық көрді. Сымбаттың жолдасы 2 баласын күштеп, Алматыдағы ата-анасына алып кеткен. Ажырасуға келісім бермей, әйелін ұрып-соққан. «Балаларды тартып аламын немесе психдиспансерге жатқызамын» деп қорқытқан. Бұл туралы Сымбаттың сіңлісі Гүлбану әлеуметтік желіде ашық хат жазған. Нұр-Сұлтан полициясы 1 қазанда осы мәселеген қатысты елорда тұрғыны жүгінгенін растаған еді.

«Сол күні жәбірленушінің 30 жастағы күйеуін полиция қызметкерлері іс жүргізу үшін ұстады. Нәтижесінде, жәбірленушіні қорғау бойынша сот ұйғарымы шықты. Алайда, ер адам тиісті қорытынды жасамай, оны қудалауды жалғастырды. Осыған байланысты 21 қазанда құқықбұзушы қайта ұсталып, оған қатысты Әкімшілік кодекстің 73-2-бабы бойынша әкімшілік ұстау қолданылды. Сонымен қатар, полицияда дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлаған еді полиция өкілдері.

Осылайша, құзырлы органдардың араласуымен Сымбат 2 баласын қайтарып алды.

Айта кетейік, марқұм болған Сымбат Құлжағарова – Ақтау тумасы. 2013 жылы «Ұлыбританиядағы Қазақстан аруы» атанған. KIMEP және LSC («London school of commerce») университеттерінде жоғары білім алған.

«Қазір мен финалда не көрсету керек деп ойланып жатырмын. Өз елімді таныстыру – өте үлкен жауапкершілік. Бірақ мен үшін оқу бірінші орында тұратыны, яғни мақсатым – осы байқауда жеңіске жету емес, Қазақстаным мені мақтан тұтуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Қазір мен үйден жырақтамын, бірақ қымбатты ата-анамның дұғасы мен адал достарымның қолдауын әрдайым сезінемін, сол үшін ризамын. Бұл байқауға қатысу – мен үшін абырой, тәжірибе және өз өмірімде жаңа бір нәрсенің ашылуы. Мен әкем Боранғали мен анам  Базаргүлге алғысымды білдіремін. Менің өмірімнің ұстанымы – Махатма Гандидің дана сөзі: «Егер сіз әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңіз өзгеріске айналыңыз!», – деп сұхбат берген 2013 жылы Сымбат Құлжағарова.

Перизат Қайраттың айтуынша, Сымбат жан-жақты, білімді және өте тәрбиелі болған.

«Кеше Сымбаттың әкесі бәрін сезгендей маған қайта-қайта хабарласты. «Қызымның адвокаты қазір декреттік демалысқа кетті. Адвокат табуға көмектесші. Перизат, сен де менің қызымдай болып кеттің. Сымбатқа қарайласып жүрші, оның жүйкесін жұқартып, қорқытып жатыр» деп еді әкесі. Бәрін сезгендей… Күйеуінен таяқ жеп жатқан қаншама әйел бар. Мұндай әділетсіздікті тоқтату керек. Күйеуі сау адамды күйзеліске жеткізді»,- деп күрсінді «Жас Конгресс» қайырымдылық бағытының жетекшісі Перизат Қайрат.