Ұлы державалар адамзат тағдыры үшін әрдайым жауапты
2018 жылғы 29 желтоқсан 01:02 291
АСТАНА. ҚазАқпарат — Ақордада БАҚ өкілдерімен кездескен Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі халықаралық жағдайды 1962 жылғы Кариб дағдарысына неліктен ұқсататынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» форумының Саммитіне 55 мемлекеттің өкілі қатысты. Барлығы да экономикалық интеграция, жақындасу туралы сөз айтысты. Бірақ, бәрі де бүгінгі таңда үлкен кедергілердің бары туралы ауыз ашқан жоқ. Бұл Америка мен Ресей арасындағы, Еуропа мен Ресей, тіпті Еуропаның өзінің Америкамен арасындағы қарым-қатынастар еді. Шығыста Қытай мен АҚШ-тың арасындағы сауда қатынастары да мәз емес. Бір қызығы, ешкім бұл туралы ештеңе деп айтпады. Барлығы ақыры ауыз ашпағаннан кейін түзету жасауға тура келді. «Тып-тыныш қана бәрін жылы жауып қойып, сөйлеп отырмыз. Ал осындағы айтылғандардың бәрі де текетірес жалғаса беретін болса, іске аспайды» дедім. Неліктен мен Кариб дағдарысымен салыстырдым? Ресейдің шекараларына, Балтық елдеріне, Еуропаның солтүстігі мен оңтүстігіне, Польшаға әскери техниканы жақындату ненің белгісі? Бұл не тағы? Бұл соғысқа дайындық па? Әрине, Ресей жауап ретінде шаралар қабылдайды, қорғанысқа ден қояды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемді ядролық соғысқа апара жаздаған Кариб дағдарысы кезінде Кеңес Одағы Кубаға зымырандарды орналастырғандығын, бұл жағдай 1962 жылы туындағанын еске салды. Америка Құрама Штаттары ол зымырандарды жоюды талап еткенде КСРО АҚШ-тан Түркиядан өз зымырандарын әкетуді талап еткен еді.
ҚР Президенті ұлы державалар адамзат тағдыры үшін әрдайым жауапты екенін атап өтті.
«Сондықтан, бүгінгі күні АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ, бәлкім, Астана алаңында барлық сұрақтарды талқылау үшін бірге жиналуы керек. Ресей мен Қытай өз келісімін білдірген, ендігі кезекте Батыс елдерімен жұмыс жалғасуда», — деді ол.
Елбасы сондай-ақ Украина мен Ресейдің арасындағы келіссөзді үшінші тарапты араластырмай жүргізуге шақырды.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz