Кәсібін түрмеден ашқан кәсіпкер – Informburo.kz

0

Ирина Нейбарт – Атырау қаласындағы жас кәсіпкерлердің бірі. Дүкендерде тұрған сәнді киімдерді әйелдер түрмесінде отырған жазасын өтеушілар тігеді. Өйткені сәнді киім тігудің қыр-сырын оларға Ирина үйреткен. Әйелдер түрмесінде тігін цехын ашуына әлеуметтік бағдарламаның септігі тигенін айтты.

– Кәсібімнің басталуына құрбым себепкер болды. Мен сырт киімдермен көйлектерді соңғы сән үлгісімен тігіп киетінмін. Бірақ ешкімге жария қылып айтқан жоқпын. Құрбыларым сұраса, қымбат дүкендерден алғанмын деп өтірік айтатынмын. Бір күні жақын құрбыма берген пальтоны ол фейсбук парқшасына салып, жарнама жасап қойыпты. Суреттің астына мына пальтоны Ирина Нейбарт тіккен деп жазған. Оны көре сала, мен құрбыма ренжідім. Ал ол қайта бұл істі қолға алу керектігін, менің қолымнан шыққан сәнді киімдерді кигісі келетінін айтты.

Тұрғындар арасында отандық киімге сұраныс көп

Осылайша менің кәсіпке деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мен біршама уақыттан соң бірінші топтамамды тігіп, ғаламторға суреттерін қойдым. Ондағы мақсатым – тұтынушылардың пікірін білу болатын. Бір қызығы, бір аптаның ішінде барлық киімдер сатылып кетті. Тұрғындар арасында отандық кәсіпкерлер тіккен әрі бағасы қолжетімді киімге сұраныстың көптігін ұқтым.

Сол уақыттан бастап, кәсібімді дамытудың жолдарын іздестіре бастадым. 2015 жылы ғаламтордан Ресейдің Астрахань қаласында өтетін сән апталығы болатынын көрдім. Қатысуға өтініш бергенмен, апталықтың өтуіне аз ғана уақыт қалған еді. Күні-түні көз ілмей жұмыс жасауыма тура келді. Өйткені бұл мен үшін үлкен мүмкіндік еді. Маған анам көмектесті. Жалпы мен іс тігуді анамнан үйрендім. Тіпті дайындық кезінде күйеуімнің манекен болған кездері болды.


Жазасын өтеушілер тіккен сәнді киімдер

Ирина кейде ана мен қызға арналған топтама дайындайды / Фото жеке мұрағаттан алынды


Тапшы уақыттың таптырмас ойыншықтары

– Кішкентайымда балабақшадан келген кезде анам маған арнап көйлектер немесе ойыншықтар жасап қоятын. Ол уақытта барлығы тапшы еді. Ал менің қолдан жасалған ерекше ойыншықтарыма балалар қатты қызығатын. Көйлектерім тіпті ерекше болатын. Тіпті есейе келе қолөнермен айналыстым. Моншақ, сырға, шаш қыстырғыштар тағы да толып жатқан қыздарға арналған бұйымдар жасадым. Анам менің ептілігіме риза болатын. Ал институт қабырғасында жүргенде киім тігуді үйрендім. Ол менің сән әлеміне деген ерекше қызығушылығымды оятты. Кәсіп ашу ойымда болмаса да, сол кезде киім тігумен айналысқанды жақсы көретінмін.

Сәтті өткен сән апталығы

– Осылайша анам екеуміз екі жақтап киім тігіп, сән апталығына үлгердік. Онда ерекше қошеметке ие болдық. Сән апталығы – қабілет-қарымыңды, бойыңдағы талантыңды паш ететін және тәжірибе алмасу алаңы. Сондықтан болар сән апталығы маған қанат бітірді. Мен сол кезде Ресейден оралғанда көп уақытқа дейін шабыттанып жүрдім.


Балаларға арналған киімдердің сән апталығы

Балаларға арналған киімдердің сән апталығы / Фото жеке мұрағаттан алынды


Енді жұмысымды ары қарай жүргізуді ойлап, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды қарастыра бастадым. Бизнес жоспарымды дайындап, барлық жерлерге ұсындым. Бір күні маған Атырау облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен хабарласып, өз ұсыныстарын айтты.

Қабыл алғанмен көңіліме күдік ұялады. Өйткені маған ұсынған цех әйелдер түрмесінің ішінде орналасқан. Ол жерде кәсібімді қалай жүргіземін деп емес, қалай жұмыс істеймін деген ой мазалады. Әрине түрмеде арнайы жұмыс киімдері тігілетінін бәріміз білеміз. Бірақ сәнді киімдер тігу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені көйлектерді қолмен әдіптеу керек.

Түрмедегі тігін шеберханасы

Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Екі жыл мектепте сабақ берген уақытта балаларға жоғары талап қоятынмын. Бірақ сүйікті жұмысым тігіншілікпен үнемі айналысып жүрдім. Мектептен кеткен соң есепші мамандығын игеріп, біраз уақыт жеке компанияларда қызмет жасадым.

Ал мынау – жаңа кәсіп, жаңа іс. Сондықтан көп уайымдадым. Бәрінен бұрын сотталғандармен қалай жұмыс істеймін деп ойладым. Мен үшін болашағы бұлыңғыр кәсіп еді.

Жұмыс басталды. Бірақ ары қарай не болатынын білмедім. Уақыт өте келе тіпті өзіме деген сенімсіздік те пайда болды. Осы оймен жүргенде мұндағы бір жазасын өтеуші әйел маған кеңес берді. Кейде осындай қарапайым адамдардың бір-ақ ауыз сөзі өміріңе жаңа серпіліс береді.

Біз осылайша бір-бірімізге қолдау көрсетуді үйрендік. Олар да әйел. Жақсы сөз естіп, жандарын жадыратқысы келеді. Өйткені сол жақсы сөзге өздері зәру. Аптасына бір рет болсын жиналыс өткізіп, туындаған мәселелерді талқылап отырамыз. Мейрамдарда мен оларға сыйлық жасаймын.

Жазасын өтеушілер жасаған қателіктерін ойлап, өкінеді. Әсіресе әйелдер үшін баласынан тірідей айрылу – үлкен қасірет. Мұнда тек әйелдер жұмыс жасайтындықтан олар үшін балаларымен кездесу сәті – ең ауыр сағаттардың бірі. Бес-алты ай, тіпті бір жыл көрмеген бала анасын танымай жатады. Сол кездегі жан күйініштерін сөзбен айтып жеткізу қиын.

Мен оларды жақсы түсінемін. Өйткені өзім де екі баланның анасымын. Сондай сәттерді көзбен көрген кезде үйге келіп, анама, күйеуіме, алтын асықтай балаларыма қарап, солардың жанымда аман-есен жүргені үшін тағдырыма алғыс айтамын. Мүмкін отбасымның қадірін жақсы түсіну үшін түрмеден кәсіп ашуды құдай бұйырған шығар деп ойлаймын.

Түрмедегі алғашқы күндер

Ирина әйелдер түрмесінде жұмысының қалай басталғанын былай еске алды:

– Алғаш әйелдер түрмесіне келген кезім жақсы есімде. Жан жағымның барлығы сұр түске боялған. жазасын өтеушілардың киімдері де сұр түсті. Тіпті басым айналды. Әрі сұқтана қараған көздер. Мұның барлығы маған кері әсер еткені соншалық, бәрін тастап қашып кеткім келді. Тіпті осы жобаны ұтып алғаныма өкіндім. Түрменің ауласынан шыға салысымен, күйеуіме мұнда жұмыс істей алмаймын дедім. Мені жақсы түсінген ол үндемеді. Бірақ біраз уақыттан соң ол «Мен – кәсіпкер емеспін. Бірақ ұсынысты тағы бір ойланып көр. Өзің кәсібіңді жаңа бастадың. Тігін цехын қаладан ашсаң, тігіншілерге қомақты ақша төлеу керек. Ал әлеуметтік бағдарлама арқылы кәсібіңе жаңа жол ашылып тұр. Оның үстіне ол жердегі адамдарды жұмыспен қамту керек қой» деді.

Осылайша құжаттармен айналысып жүріп, бойым үйрене бастады. Сотталғандардың барлығы – мен ойлағандай жаман адам емес екен. Көпшілігі – тағдыр тауқыметінен қателікке ұрынғандар. Сондықтан жазасын өтеушілердің өмір тарихымен таныса келе, менің көзқарасым өзгерді.

Алғашында екі-үш адамды жұмысқа алдым. Кейін бес адамға дейін көбейдік. Тігіншілердің барлығын қайта үйретуге тура келді. Өйткені бірі тек арнайы жұмыс киімдерін тігіп үйренсе, екіншісінің көйлек тігуге мүлде икемі жоқ. Қарапайым моншақты тігу уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Ал мен жасаған үлгідегі сән көйлектерінің көбі моншақтармен әдіптеледі.

Жазасын өтеушілер менің сенімімнен шығуға тырысады. Бар ниеттерімен тігеді. Олар өз ісінің маманы болмағанмен, үйреніп, жақсы нәтиже шығаруға ұмтылады. Тіпті тіккен көйлектеріне қарап қиялдайды. Жазасын өтеп шыққан соң осындай әдемі көйлектерді қыздарына, немерелеріне тігіп бергісі келеді. Өйткені түрмеге түскен кезде олар немен айналысатынын білмеген. Ал қазір оларда өмір сүруге деген құлшыныс пайда болды.

«Мен қарапайым адамдар үшін тігемін»

– Әрбір көйлектің өзіндік үлгісін жасауға, ерекше тігілуіне мән беремін. Өйткені жалғыз дана болып тігіледі. Жалпы кешкі отырыстарға арналған көйлек тіккенді жақсы көремін. Киген адам өзін жайлы әрі ханшайымдай сезінуі керек. Жаңа киім адамның көңіл күйіне әсер ететіні шындық. Сондықтан әр тіккен көйлекке қарап, өмірімнің сол көйлек сияқты әдемі болғанын қалаймын. Жазасын өтеушілер де дәл солай айтады.

Құрбы-құрдастарым маған көбіне әйелдер түрмесінде жұмыс істеген ауыр екенін алға тартып, басқа жерден тігін цехын ашу керектігін айтып жатады. Мен оларға адам басына түссе бәріне көндігеді деп жауап беремін. Сотталғандармен алғашында жұмыс істеу ауыр болғанмен, олар да – біз сияқты адамдар. Тіпті басқа жерден ашқанмен, жұмысқа қандай адамды қабылдағаныңды білмейсің. Ал мұнда темірдей тәртіпке бағынған адамдар. Әрі олармен жақсы танысып кеттім.

Мен қарапайым адамдар үшін сәнді, қолжетімді киімдер тігумен айналысамын. Құнын киімге кеткен мата мен жұмысына қарай бағалаймын. Барлық дизайнер тек қалталы адамдар үшін қымбат киімдер тігуге міндетті емес.


Ирина Нейбарт тіккен көйлектер мен қолдан жасалған шашқа арналған бұйымдар өзінің аашан дүкенінде ілулі тұр

Ирина Нейбарттың тіккен көйлектері мен қолдан жасалған шашқа арналған бұйымдары өзі ашқан дүкенінде тұр / Фото жеке мұрағаттан алынды


Жазасын өтегендерге жаңа цех

Ирина Нейбарт 2017 жылы «Жарқыра» әлеуметтік байқауының «Жазасын өтеп шыққандарды бейімдеу» жобасының жүлдегері атанып, екі жарым миллион теңге ұтып алды. Жоба бойынша Атырау қаласында жазасын өтеп шыққан әйелдер Иринаның жаңа тігін цехында ары қарай еңбек ететін болады.

Бұл тігін цехының ашылуына да жазасын өтеушілардің ұсынысы түрткі болыпты.


Иринаның жаңа цехында әзірге бір адам жұмыс жасайды

Иринаның жаңа цехында әзірге бір адам жұмыс істейді / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Түрмеде біраз уақыт менімен жұмыс істегендер жазаларын өтеп шықан соң осы кәсіптерін ары қарай жалғастырғысы келетіндерін айтты. Өйткені олар үшін көп жерде жұмыс орындарының есігі жабық екені белгілі. Сондықтан олар маған қаладан цех ашылатын болса, бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Мен ойланып, толғанып осы жоспарды іске асыруға тырыстым.

Қазір тігін цехы толығымен іске қосылды. Әзірге бір ғана адам жұмыс істеп жатыр. Кейбір әйелдер бостандыққа шығатын күндерін асыға күтіп жүр. Өйткені мұнда жұмыс орны табылатынына сенімді.

Бизнесті дамыту – өмірлік мақсат

– Әлеуметтік жобаны қолға алған кездегі менің басты мақсатым адамдарды жұмыспен қамту болатын. Соның жүзеге асқанына ризамын.

Уақыт өте келе түрлі бизнес-тренингтерге қатысу арқылы көптеген кеңес алдым. Әсіресе, Бішкекке барған сапарымда көп нәрсені түсіндім. Яғни, ойымды түбегейлі өзгерттім. Маған бизнес-тренерлер адымен кәсіпті аяғынан нық тұрғызу керектігін айтты. Кәсіп пайда әкелмесе, онда шаршап, өмірлік мақсатыңнан айрыласың деді.

Ал әлеуметтік жоба бизнес-жоспардың бір бөлшегі ғана болуы керек. Сонда бизнесің дамып, пайда әкеледі. Мұқтаж адамдарға қанша көмектесіп, жұмыс беруге тырысқанмен, компанияда ақша болмаса, ерте ме кеш пе жабуға тура келеді. Сондықтан мен қазір барлық күш-жігерімді бизнесті дамытуға салып жатырмын.


Дереккөз: https://informburo.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз