«Ұлы даланың жеті қыры» Түркияда талқыланды
Астана, BAQ.KZ. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы сияқты «Ұлы даланың жеті қыры да» ел ішінде ғана емес шет елдерде де қызу талқылануда.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Білім беру саласының үздігі, докторант, ғалым Қуаныш Жұмабек 2018 жылдың 18 желтоқсанында Түркия Республикасы Өмер Халисдемир университетінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арналған басқосу ұйымдастырып, аталмыш мақалаға қатысты түрік тілінде баяндама жасады.
Қуаныш өз сөзінде меңзері алыс, терең мазмұнды мақалада көрсетілген нақты жобалар мен ұлы даланың жеті қырына кеңінен тоқталды. Төл тарихымыздың әлемдік өркениеттегі орны мен үлесін көрсетудің және ұлттық мұраларымыз бен мәдениетімізді жаңа қырынан ұлықтаудың маңызды кезеңі басталғанын атап өтті. Нийде қаласы әкімі Рыфат Өзкан мен 200-ге жуық студенттер, оқытушылар қатысқан іс-шараның модераторы аталмыш университеттің Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің басшысы, ф.ғ.д., профессор Хикмет Кораш болса, Анкара Хаджы Байрам Вели университеті және ҚазМем-ҚызПУ-дың докторанттары Тургай Дүйен мен Нұргүл Қалиева Қазақстанның тәуелсіздігі жайлы сөз сөйледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ