Мызғымас мемлекеттің мәртебесін биіктете береміз

0

Халқымызда «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмей­тін ел жетесіз», деген ұлағатты сөз бар. Тарих – бұл халықтың бүгіні мен бола­ша­ғын айқындайтын бірден-бір маңызды көр­сет­кіш. Әр халықтың маңдайына біт­кен тағдыр­лы жолы осы тарих қой­науы­­нан тамыр тартады. Сондықтан да төл тарихын ұлықтап, ата-бабалар салған сара жолды ұстанған халық қана кемел ке­ле­шекке нық сеніммен қадам басары анық. 

Бабалар мұратын жалғастырып, ел аманатын арқалап келе жатқан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы, ең алдымен болашақ ұрпақтың тәрбиесіне бағытталып отыр.

Мақала «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жалғасы болып табылады. Ол «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталып, жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керектігін айтқан. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек екендігін, біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл əлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екендігін Елбасы тілге тиек еткен.

Бұл мақалада терең ой, ұлттық құнды­лықтарды бағалай білу, халық әлеуетіне зор сенім, ерік-жігер мен күш-қуат көрініс тап­қан. Әр қазақты толған­дыратын әрі бо­ла­­шақта өзінің үлесін қосуға жігер­лен­ді­ре­тін, жаңа дүние­таным мен көзқарас қа­­лып­­тас­тыруға мол мүмкін­дік ашылып отыр.

Ендігі кезде, ата дәстүрді жалғастыру салт-сананы, қазақтың қолөнерін түле­ту­­д­ің, қанмен келген қасиетке деген адал­дыққа берік болудың бірден-бір жолы деп білемін.

Біздің бабаларымыз білімге, өнер­ге жақын болған, әсіресе ән-жырлар, аңыз-әңгімелер, эпостар мен ертегілер арқылы ұрпақтарына тәрбие берген. Сал-серілер мен ақын-жыраулардың өнерлерінің бүгін­гі күнге дейін жетуі соның айғағы. Жас­тайынан балаларды атқа үйір қылып, бәй­геге қатыстырған. Той-жиындарда, ас және басқа да шараларда өткізілетін қазақ­тың ұлттық ойындары бізді әлі күнге дейін басқа елдерден ерекшелендіріп тұратыны әрі мәні мен маңызы зор екендігі мәлім.

Балаларды епті, өнерлі, шебер етіп тәрбиелеудің маңызы зор. Қазақта «ауызы­­мен құс тістеген», деп жүйрік ат пен сол атты епті меңгерген шабандоз ба­ланы айтып мақтан тұтатын. Ал қыздардың тәрбиесі отбасында ерекше орын алғандығы тарихтан белгілі. Аналардың қыз баланың тәрбиесіне өте үлкен көңіл бөлуінің, қыздарды болашақ жар, ана, шаңырақтың шырақшысы етіп тәрбиелеудің маңызы зор. 

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жи­нақ­талған тәжірбиесін ұрпақтан-ұрпақ­­қа жеткізу, бір жүйеге түсіру, топ­тар­­ға жіктей отырып зерттеу туралы Ел­ба­сы­н­ың мақаласында орынды айтылған.

Біз осы мақалада көтерілген мәселе­лерді шешуге қандай үлес қоса ала­мыз деген сұрақ бәрімізді толғандыруы керек. Халықтың тарихи санасын жаңғырту­ға, яғни жастарға ұлттық тарихтың маңыз­ды­лығын терең оқытуға ықпал етуіміз қажет. Мақаладағы ұсыныстарды жүзеге асыр­сақ, онда өз ұлтымыздың, тіліміздің, діні­міздің, ата-бабаларымыздың тарихын сақ­тай отырып басқалардан кем болмаймыз.

«Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген халық даналығы бар. Ең бастысы, тарихи санасы нығайған ел ғана бәсекеге қабілетті болатынын ескеріп, Қазақстандай аса қуатты, мызғымайтын мемлекеттің мәртебесін биіктете берудің маңыздылығын халықтың зердесіне сіңіруіміз қажет.

Динар НӨКЕТАЕВА,

Парламент Сенатының депутаты

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз