ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ | «Айқын» газеті

0
80

Егемендігіміздің жиырма жеті жылының қай-қайсысы да еліміз үшін өсу-өркендеу, қалыптасу кезеңі болғаны аян. Азаттықтың алғашқы таңында Қазақстан түрлі қиын-қыстау белесті өткерді. Экономика терең тоқырауға ұшырап, бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кіретін елдер арасындағы экономикалық байланыс ажырап, жаңа экономикалық өзгерістер әлі де орнықпаған заман күні кеше ғана еді. Сол тұста халқымыздың 40% кедейлік шегінен төмен тіршілік кешті. Өнеркәсіп өндірісі 1990 жылмен салыстырғанда жартысына дейін, ауыл шаруашылығы шамамен үштен біріне қысқарды.
1995 жылғы орташа жалақы 1991 жылғы деңгейдің 35 пайызын ғана құраса, зейнетақы небәрі 29 доллар болды. Жұмыссыздық, қылмыстың өршуі, жаппай қоныс аудару және өзге де мәселелер – сол жылдардың сұрқия көрінісі.

Қалт-құлт еткен жағдайға қарамас­тан, Қазақстан әлемдік қауымдастыққа кірігудің саясатын жүргізіп, жаһан жүзіндегі лайықты орнын нықтады. Небәрі бірнеше жылдың бедерінде Қазақстанды әлемнің 100-ден астам елі мойындап, ірі халықаралық ұйымдар қатарына қабылданды. Мемлекеттік Туымыз бен Елтаңбамызды белгілеп, қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына қондырдық. Жас мемлекеттің дамуын­да­ғы мұншама маңызды саяси-эко­но­микалық қадамдар еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы­ның бірегей де көреген басшылы­ғымен қол жеткізген жетістіктеріміз халқы­мыздың ортақ зор табысы. Өткенді сараламай, алға жылжу мүмкін емес. Осындайда адамзаттың ұлы философы әл-Фарабидің «Өткенді, тарихты білмей, бүгінгі күнді танып, болашақты болжау қиын» деген сөзі еске түседі. Тәуелсіз Қазақстан тарихын құру үрді­сіне мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып келе жатқан үлесі өлшеусіз екені шындық.
Задында ұлы дала елінің тарихына зер салсақ, тамыры тереңге кеткен еліміздің тарихы бірнеше мыңжыл­дыққа пара-пар. Кең жазира атыраптың арғы тарихы сонау б.з.д. II мыңжыл­дықта ғұмыр кешкен ежелгі арийлерден бастау алады. Олардың ізін жалғап, тарих сахнасына I мыңжылдықта патшалық құрған жауынгер сақтар шықты. Одан кейінгі Ұлы Ғұн дәуірі, Түрік қағанаты, Қимақ, Қыпшақ хандықтары, XIII ғасы­р­дан бастап Шыңғыс хан тұқым­дары құрған мемлекеттік құрылым­дар­дың негізі түбінде 1465 жылы Қазақ хандығының қалыптасуына алып келді. Мемлекет басшысының бастамасымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздің барлық өңірінде кеңінен атап өтілгені де осынау бай тарихы­мызды дәріптеуге тағы бір себеп болды. Атап өтерлігі, алғашқы хандары Керей мен Жәнібек болған Қазақ хандығы Орталық Азиядағы тұңғыш ұлттық мемлекет болды. Осы ұлы күнді жалпы­халықтық мереке ретінде атап өту – бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан барлық қазақстандық­тар­дың бекем бірлігін айғақтады.
Заманауи Қазақстан мемлекеттік құрылыстың сапалы жаңа кезеңіне көш­ті. Ұлт жоспарының негізгі бағыты – «Мәңгілік ел» жалпыұлттық пат­риот­­тық идеясы жарияланды. «Мәңгі­лік ел» идеясы халқымыз үшін бола­шақ­қа деген сенімділік пен тұрақ­тылықтың бағдарындай. Осы тұр­ғыда Елбасымыз халқымыз­дың­ тағдырын анықтайтын екі негізгі ережені баса атап өтті: ұрпақ­тар мен құндылықтар сабақ­тастығы, сондай-ақ ұлттық дина­мизм, жастар­дың инновациялығы.
Мемлекет басшысының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстанның даму болашағы туралы өзгелерден бір-екі қадам алда ойлай­ты­ны­­ның айқын дәлелі. Президенттің мәдениет пен рухани байлық арқылы қазақстандық қоғамның болашағы туралы ой-толғамы Қазақстан халқы­ның мінезін, ұлттық басымдықтарын айқын­дап, «ұлттың мәдени кодын» тайға таңба басқандай көрсетті. Мақа­ла­да негізгі рухани құндылықтары­мыз­дың, ғылым­ның, мәдениеттің, білімнің даму бағыт­тары анықталған. Елдің әрбір азаматына бағыт беретін жалпы­ұлт­тық бірегейлікті нығайту мен күшей­ту­дің жаңа тұжырым­да­масы ұсы­нылды. Тұжырым негізінде былтыр­дан бастап елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы табысты жүзеге асып жатыр. Бұл бағ­дар­­лама зиялы қауым­ды, жастарды, жалпы халықты Елба­сының жариялаған идеялары негі­зін­де біріктіруге ықпал етеді. Мәде­ниетті өзіндік дамудың стра­те­гиялық рухани ресурсы ретінде ұғыну үрдісі эко­но­ми­ка­дағы, техноло­гия­дағы және тіпті, адам­дар арасындағы қарым-қатынастағы көп­теген мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Елбасының тұжырымдамалық идея­ла­ры «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сын­да заңды жалғасын тапты. Прези­дент қазақ халқының тарихтағы рөлін одан әрі терең талдап, өткенімізді «зама­­науи ғылымның биігінен» түсінуге шақыр­ды және «тарихи сана-сезімді жаңғыртудың» жаңа жолдарын ұсынып, ұлы даланың жеті қырын атады. Жоба­лық идеялар құрамына енген мұн­дай жоғары деңгейлі мақа­ла­ның жария­лануы – қоғам, ел мен мемлекеттік басқарудағы жаңа кезеңнің пайда болуының айғағы. Мақалада түр­лі полюстерді шебер үйлестіре білген даму­­дың моделі көрсетілген. Бұл, бір жағы­нан, ұлттық мәдениетті сақтау, екін­ші тұрғыдан – заманауилыққа бейімделу.
Экономикалық, саяси және рухани жаң­ғыру тарихи сана-сезімді жаңғырт­па­йынша толыққанды бола алмайды. Халық­тың өзіндік тарихи сана-сезімі қалыптаспайынша ұлттың ұлт болуы қиын. Ендеше қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту жолындағы алғашқы міндет­тер­дің бірі – төл тарихыңды түгендеу, зерт­теп-зерделеу. Соған орай, Елбасы­ның мемлекеттік құрылым мен әлеу­мет­тік дамуына арналған әрбір мақала­сы – мемлекеттік идео­­логияның эволю­­циясындағы «елеу­лі кезеңді» қалыптастыратын, ел дамуының бүгінгі таңдағы ең маңызды үрдістерін айқындайтын, болашаққа ұмтылған Тәуелсіз елдің бағдарын көрсететін тарихи «барометр» іспетті.

Қазбек Майгельдинов,
Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы
Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметі басшысының міндетін атқарушы

Дереккөз: Айқын